“Қазақстан Республикасы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның облыстық филиалында 20 мыңыншы салымшыға құрмет көрсетіліп, сертификат табысталды.
Петропавл қаласының тұрғыны Мария Исмағамбетова биылғы жылдың 11 наурызында тұрғын үйге қол жеткізу мақсатында аталмыш банктен шот ашып, облыстық филиалдың салымшысы атанды. Осыған орай 20 мыңыншы клиентке банк филиалында құрмет көрсетілді. “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалының директоры Райхан Әбдірахманованың айтуынша, мұндай игі шара дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Әрбір мыңыншы салымшыға құрмет көрсету арқылы олар тұрғындардың лайықты сеніміне ие болуда.
Райхан Тілекқызы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбатында банктің салымшыларына төлейтін өтемақы туралы түсініктеме берді. “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ ұлттық валютамен ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша салымшылары ұтылып қалмауы үшін өтемақы беруде. Депозит арнайы банктік шотта бір жыл сақталған жағдайда ғана теңгенің бағамдық айырмашылық өтемақысы төленеді. Осыған орай үстіміздегі жылдың 8 ақпанынан 1 маусымына дейін тұрғын үй құрылыс жинақ қорлары бойынша өтемақы төлеу мерзімі белгіленген. Өтемақының жалпы сомасы 35,5 пайызды құрайды. Биыл және келесі жылы өтемақы бөліп төленетін болады. Осы уақыт ішінде тұрғын үй жинақ қорлары туралы салымшылармен қосымша келісім жасалады. Облыс бойынша 14600 салымшы өтемақы алуы тиіс болса, бүгінгі таңда соның тек 27 пайызы ғана банкпен қосымша шарт жасаған. Сондықтан филиал директоры Райхан Әбдірахманова салымшыларға өтемақыға өтініш беру уақытын өткізіп алмауды ескертеді.
Ал Мария Исмағамбетова аталмыш банктің салымшысы болғанына қуанышты. Ол банк тарапынан өзіне көрсетілген құрметке шынайы ризашылығын білдірді. Тағы бір айта кетерлігі биылғы жылдың алғашқы 3 айында 1503 солтүстікқазақстандық салымшы банктен шот ашып, жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгенің келісімшартын жасады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.