1992 жылы Наталья Панарина Куйбышев ет-консерві комбинатында экономист қызметін атқарса, ал жұбайы Виктор Тарасенко жеке кәсіпкерлікте жүргізуші еді.
Сол кездері еліміздегі бірқатар экономикалық қиындықтың салдарынан Наталья Панарина көршілес Ресей мемлекетіне ет апарып, сатумен айналысуға мәжбүр болды. Ал отағасы жеке кәсіпкерліктегі жүргізушілікпен қыр басына шыға алмайтындығын дер кезінде түсінді. Сөйтіп, бір отбасы болып оңтайлы іспен ғана айналысуға бел буды.
1997 жылы Беларусь еліне қонаққа барған кезде олар жиһаздар сатып алып, оны ауылда ойдағыдай бұлдап өткізді. Біршама уақыттан кейін Омбы қаласына барып, жұмсақ жиһаз сатып алды. Бұл жолы да айлары оңынан туып, сатқан жиһаздарынан пайда тапты.
Сауданы одан әрі дамыта бастаған Тарасенко мен Панарина “Арман” дүкенінің бір бөлігін жалға алып, киім-кешек, кілем сатуға ден қойды. Бірақ бұл ойлағандарындай болмай шықты. Сол сәттен бастап бірыңғай жиһаз сатумен айналысуды қолға алды. Осы кезде ауданымызда жиһаз сату бәсекелес бизнестердің бірі болатын. Соған қарамастан Наталья Сергеевна мен Виктор Васильевич өздерінің таңдаған істерінің опық жегізе қоймайтынына сенді.
Кәсіпкерлер бизнесті дамыту мақсатында ескі мейрамхананың ғимаратын сатып алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонда ағаш өңдеу цехын ашып, мамандар шақырды. Сөйтіп, жұмыс қыза түсті. Бұл цех күні бүгінгіге дейін жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер бизнестерін қарқынды дамытудың арқасында қабырғалық жиһаз жасайтын италиялық қондырғы сатып алды. Петропавл қаласында арнайы курстан өткен мамандар осы шетелдік жабдықпен жұмыс істеуге тартылды.
Цехта бастапқы кезде 4 адам еңбек ететін, олар: тақта кесуші мен оның көмекшісі және 2 құрастырушы. Ал компьютерлік есептемелерді Виктор Васильевичтің өзі жүргізді.
Алғашқы жасаған жиһаздары компьютер, теледидар қоятын үстелдер, төсек-орын гарнитуры еді. Бұл өнімдер “Уют” дүкенінде сатылымға қойылды.
2006 жылы аудандық Мәдениет үйінде өткен көрме кәсіпкерлердің жиһазын жарнамалауда ерекше рөл атқарды. Жыл өткен сайын тұтынушылардың саны арта түсіп, сұраныс та көбейе бастады.
Қазіргі таңда жиһаз жасайтын цехта 9 адам еңбек етеді. Оған 5 италиялық құрал-жабдық орнатылған. Жалпы “Н. Панарина” жеке кәсіпкерлігі 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Қазақстан Республикасының сертификаттау жүйесіне сәйкес барлық жиһаздың сәйкестік сертификаттары бар. Ал есептемелер лицензиясы бар компьютерлік бағдарламаларда дайындалады.
Аталмыш цехта дайындалатын жиһаздар бүкіл ауданға танымал. Оларды сауда орындарынан, бірқатар мемлекеттік органдардың ғимараттарынан кездестіруге болады.
Цех өнімдерін, Қазақстанның және Ресей Федерациясының ірі өндірушілерінің жиһаздарын кәсіпорынның “Жаннет” және “Элегия” дүкендерінен сатып алуға болады. 2013 жылы “Норд” жиһаз дүкені аудан тұрғындарына қызмет көрсете бастады.
Жеке кәсіпкер өз өнімдерімен облыс аумағында ұйымдастырылатын көрме-байқауларға үзбей қатысып келеді. 2009 жылы облыстық “Алтын сапа” байқауына қатысып, “Халық тұтынатын үздік тауарлар” аталымында дипломмен, 2011 жылы “Үздік кәсіпкер әйел” аталымында облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлбаршын ҚАҒМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.
Ғ.Мүсірепов
атындағы аудан.