«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жиһангез

Жуырда Жамбыл ауданынан іссапардан келе жатқанда Петропавлға кіреберіс тұста алматылық саяхатшы Сергей Бондаренконы кездейсоқ кездестірдік. Осыған дейін еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған жігітті жазбай танып, тілдесуді жөн көрдік.

Әлемнің 18 елін ақша шығындамай аралап, 572 күнін жолда өткізген Сергей Бондаренко бұл жолы Кенияға бет алған екен. Ресей, Грузия, Түркия, Сирия, Сауд Арабиясы, Египет арқылы Кенияға жетіп, тыныққаннан кейін жиһанкездің Оңтүстік Америкаға аттанбақ ойы бар.

Жас саяхатшы ең алғаш рет 20 жасында жолға шығыпты. Барлық әлемді аралау идеясы қаланың ішінде жаяу жүруден басталған екен.

– Мен бірде “Мега” орталығынан үйге дейін жаяу жеттім. Үйім қаланың сыртында орналасқан. Сол жолы 30 шақырымдай жер жүріппін. “Мен мүмкін одан да артық жүре алатын болармын” деген ой туды. Сосын автостоппен саяхаттауға бел будым. Алғашқы сапарымда Ресейдің қалаларын араладым. Сосын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Украина елдеріне саяхат жасадым. Осылай география кеңейіп, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Молдова, Моңғолия және тағы басқа елдерді өз көзіммен көрдім, – деді ол.

Өткен жылы саяхатшы Оңтүстік Азия елдерін аралап келді. Алдымен Қытай, сосын Лаос, Камбоджа елдеріне барған ол Шри-Ланкада аялдаған. Тропикалық мемлекет жападан жалғыз, қалтасында көк тиыны жоқ туристі құшақ жая қарсы ала қоймапты.

– Шриланкалықтар бай туристерге үйреніп қалған. Тегін саусақтарын да қимылдатпайды. Визамның мерзімі аяқталып қалған соң 2 айдай сол елде бөгеліп қалдым. Мен онда тоя тамақ ішпедім. Көбіне далада түнеп, жаяу жүрдім. Онда автостоп деген түсінік жоқ, – деді ол.

Жолда саяхатшы небір хикаяны басынан кешірген. Аш құрсақ келе жатып, ірі көлемде ақша тауып алған. Айдалада түнеп жатқанда ит-құсқа жем бола жаздаған. Ел көремін деп жүріп талайды бастан өткерген саяхатшының айтуынша, Оңтүстік Азияда ең қонақжай ел Қытай екен. Сол елде болған 26 күннің барлығында қонақүйлерде тегін түнеп шыққан.

Бойшаң келген арық жігіттің салмағы 35 килограмм болатын рюкзакты қалай көтеріп жүргеніне таңғала отырып, оны туған-туыстары үйінен жыраққа қалайша жалғыз жібергенін сұрадық.

– Менің ақшам да, үйім де, отбасым да жоқ. Менде тек Қазақстанның туын биік көтеріп жүрсем деген үлкен ынта бар. Қазақстанды көбісі біле бермейді. Жері үлкен мемлекет ретінде танығанымен, алайда, онда кімдер тұрады, қандай ел екендігінен бейхабар. Сол себепті, сұраған кісіге қуана-қуана Қазақстан туралы айтып, таныстырып жүрмін. Үстімдегі киімдеріме де “Қазақстан” деп жазып алдым, – дейді Сергей.

Осы жолғы саяхатында тұмауратып, Петропавлда бір аптадай ем алған Сергей бізбен қоштасқаннан кейін өтіп бара жатқан жүк көлігінің біріне отырып, сапарын жалғастырды. Біз болсақ: “Еліңе аман-есен орал!” – деген тілегімізді қайталай бердік.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp