Биыл ұлтымыздың тұңғыш ағартушысы, этнографы, шығыстанушысы және жиһангезі Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толады.
Академик Әлкей Марғұлан мұрағат деректеріне мұқият зер сала жүріп ізденудің нәтижесінде Шоқан Шыңғысұлы 1837 жылы емес, одан екі жыл бұрын дүниеге келгенін дәлелдеді. Алғашқы жаңсақтыққа Шоқанмен Омбының кадет корпусында қатар оқыған әйгілі орыс жиһангезі Григорий Потаниннің жазбалары негіз болған. Алайда, ол кейінгі еңбектерінде бұл ағаттығына түзету енгізген. Сөйтіп, Г. Потанин «Сибирская жизнь» газетінің 1903 жылғы 133-ші санында өзінің бұрынғы қатесін өзі жөндеген.
Шоқанның туған жері жайында Ә. Марғұлан «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» деген көлемді тарихи очеркінде «…Шоқан 1835 жылы ноябрь айында Құсмұрын бекінісінде туған. Бұл деректің растығын СССР сыртқы істер министрлігінің архивіндегі Шоқан Уәлихановтың қызметі жөніндегі формулярлық тізім дәлелдейді. Нақ осы дерек басқа ресми документтерде де кездеседі. Мысалы, Шоқан Уәлихановты Орыстың географиялық қоғамының толық мүшесі етіп сайларда толтырылған анкеталық мәліметтерде 1835 жылы туған деп көрсетілген» дейді («Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1985, 14-бет).
1847 жылы Шоқанды әкесі Шыңғыс сұлтан Омбыға әкеліп, Сібір кадет корпусына оқуға алдырады. Шыңғыстың өзінің де, Шоқанның да Омбыда оқып, әскери білім алуына жол салынған оқиға – Михаил Михайлович Сперанскийдің (1772-1839) тікелей араласуының нәтижесі. Омбының генерал-губернаторы қызметін атқарған М. Сперанский 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғының» жобасын жасап, оны Александр 1-ші патша мақұлдайды. Бірақ орыс елін билеуші генерал-губернатордың Қазақ елінде халықтың өзін-өзі басқаруы, ұлттық мектептер ашу жөніндегі ұсыныстарын қабылдамай тастайды. Есесіне, осы жарғыны қатаң тәртіппен жүзеге асыруды тапсырады.
Шоқанның атасы Уәли қайтыс болып, оның 1811 жылы туған ұлы Шыңғыс әкесінен жеті жасында жетім қалады. Қазақ хандығының заңы бойынша Уәлидің орнын ханның бәйбішесінен туған, жаугер, тікмінез мұрагері Ғұбайдолла сұлтан басуға тиіс еді. Бірақ Орта жүздегі оқиғалардан көз жазбай отырған орыс билігі Ғұбайдолланы тұтқындап, жер аударып жібереді де, М. Сперанскийдің кеңесімен Уәлидің орнына оның жесірі Айғаным Сарғалдаққызын тағайындайды. Бұл генерал-губернатордың айла-шарғысы еді. Жетпіс жыл ғұмыр сүрген Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853) Сырымбеттегі атақонысында қайтыс болады. Оған дейін Айғаным Александр 1-ші патшаның өзіне көрсеткен ілтипаты мен генерал-губернатордың сенімін жақсы пайдаланып, әуелі өзінің ұлы Шыңғысты оның қарсылық көрсеткеніне қарамай, Омбыдағы Сібір әскери училищесінде оқытады және қазақтың сол кездегі ең беделді биі – Шорманның қызы Зейнеп сұлуға үйлендіреді.
Шоқанның шын есімі – Мұхаммед-Қанапия, ал Шоқан – шешесі Зейнептің еркелетіп қойған аты.
Он екі жасынан кадет корпусында орысша білім алған Шоқанның асқан зеректігіне, ақылдылығына, орыс тіліне келе-келе өте жетіктігіне Г. Потаниннен бастап, оған білім берген, Омбыдағы прогресшіл ой-пайымдағы ұстаздары, солардың ішінде, әсіресе, Н.Ф. Костылецкий мен кадет корпусын басқарған жан-жақты білімді адам И. В. Ждан – Пушкиннің өзі тәнті болған.
Жас Шоқан осындай зиялы адамдардың арқасында Пушкин мен Лермонтовтың поэзиясына терең бойлайды. Оның Омбыдағы ең жақын достары және тілеулестері Шоқанды әлемдік ақыл-ой тұлғаларының өмірімен және шығармаларымен, прогресшіл идеяларымен таныстырады. Осылардың арасында К. Гутковский, М. Хоментовский, М. Перемышельский сынды офицерлер де болған.
Кадет корпусын 1853 жылы он сегіз жасында тамамдап, корнет деген офицерлік шен алған Ш. Уәлиханов Омбының генерал-губернаторы Густав Гасфорттың көзіне түсіп, оның адъютанты болып тағайындалады.
Бұл уақытта орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевский Омбыға жер аударылып келіп, 1850-1854 жылдар аралығында осындағы абақтыда қамауда болған. Бұл азапты күндері жайында жазушы 1860-1861 жылдары жазылған «Өлі үйден жазбалар» атты романында баяндайды. Омбы абақтысына ол Михаил Петрашевскийдің жасырын қауымдастығына қатысқаны үшін қамалады.
М. Петрашевский (1821-1866 ) – орыс ойшылы, тіл маманы, қоғам қайраткері. Дворян әулетінен. Патша билігіне ашық қарсы шыққаны үшін қудаланған. Оның әкесі Василий Петрашевский – әскери дәрігер. 1825 жылдың желтоқсанында, Санкт-Петербургтың Сенат алаңындағы бүлік кезінде декабрист П. Каховский өлімші етіп атып жаралаған генерал М. Милорадовичті ажал тырнағынан аман алып қалуға шақырылған. Алайда, генерал өліп кеткен.
Ал оның ұлын 1848 жылы бастапқыда өлім жазасына кесіп, одан кейін жазаны мәңгілік каторгамен ауыстырған. Оның үйірмесіне қатысқан жиырма адам, ішінде Ф.Достоевский мен ақын Сергей Дуров бар, әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін патшаның «ұлы мейірбандығының» арқасында бұл үкім өзгертіліп, мерзімі жоқ солдаттық жаза қолданылады. Сөйтіп, жазушы екеуі 1849 жылдың 23 сәуірінде Түмен облысының Тобольск қаласына жер аударылып, келесі жылы Омбының «Өлі үйінде» аяқтарына шынжыр байланып, төрт жыл қамауда отырады.
Сергей Дуров пен Федор Достоевский Петрашевскийдің үйірмесіне қатысып, сол үшін Петербургтегі Петропавл түрмесінің айрықша қауіпті тұтқындарға арналған бөлімшесінде дарға асу жазасын бірге тосып жатса да, кейін Омбыдағы абақтыда төрт жыл қатарлас азап шексе де, соңғы жылдары, неге екені белгісіз, аралары суысып кеткен екен. Оның мәнісін ешбір зерттеуші анық айырып бермеген.
С. Дуров қамаудан шыққаннан кейін Омбының кеңселерінде қызмет атқарады. Ол жайында Шоқан желтоқсаншы Андрей Иванович Анненковтың қызы, Омбыда өзі араласып жүретін прогресшіл, озық ойлы топтың астыртын мүшесі Анна Ивановадан естіп-біліп, әуелі орыс ақынымен танысады, кейін Анна Андреевнаның үйінде жазушымен де жүздесіп, шығармаларын сүйіп оқитын қаламгермен арада ұлы достық қарым-қатынас қалыптасып кетеді.
Омбы Сібірдің ірі мәдени орталығы болғандықтан, онда ішкі Ресейден тағдырдың түрлі жолдарымен оқымыстылар, зиялы адамдар жиналғанды. Олардың көбі Шоқан білім алған кадет корпусында сабақ берген. Корпус басшысы И.В. Ждан-Пушкиннің өзі әдебиет үйірмелеріне қарсылық білдірмегенін зерттеушілер айғақтайды. Мысалы, «Өнегелі өмір» айдарымен 1983 жылы Москваның «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Валиханов» деген зерттеу еңбегінде Ирина Стрелкова осы жайында нақтылап деректер берген.
Осы үйірмелерде Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің, Гогольдің шығармалары қызу талқыланатын. Омбыдағы зиялы азаматтар Достоевскийдің небәрі жиырма төрт жасында жазып, бүкіл Ресейдің оқыған қауымын елең еткізген «Бейшара жандар» романын Шоқанға, Григорий Потанинге және басқа да озық ойлы шәкірттеріне оқытқан еді. 1845 жылы жазылған осы романды Шоқан да қайталап оқыған. Сондай-ақ, ол цензура тыйым салған, алайда жасырын түрде қолдан-қолға таратылып кеткен Белинскийдің «Гогольге хатын» да оқып шыққан. Бұл шығармалар Петрашевскийдің үйірмесінде бостандық лебін таратып, оған қатысушылар сол үшін жазаланғаны белгілі. Міне, 1854 жылы Шоқан Анна Иванованың үйінде ұлы жазушымен алғаш кездескенде оның біраз шығармаларына қанықтығын танытқан.
Патша әкімдері, жандармерия осындай қауіпті саналған Ф. Достоевскийді Сібірдің ірі мәдени, ғылыми орталығы Омбыдан әрі алыстап, қазақ даласының бір қиырындағы Семейде орналасқан Сібірдің тораптық казак әскерлерінің бір батальонына мәңгілік солдаттық мерзіммен ешқандай құқық иеленбейтін жаза өтеуге жібереді.
Бұл уақытта Омбыдағы қамаудан босатылған С. Дуровпен танысып үлгерген Шоқан оның өкпе ауруына шалдыққанын тікелей бастығы Г. Гасфортқа құлаққағыс ете жүріп, орыс демократын өзінің әкесі Шыңғыс Уәлиұлының иелігіндегі Сырымбетке жіберіп, таудың таза ауасымен тыныстауына, қымызбен емделуіне жағдай жасап береді. Осы кездесулерде Шоқан С. Дуровтың жөн сілтеуімен Достоевскийдің шығармашылығына терең бойлай түседі.
Патша үкіметі С. Дуровқа сәл жылылық танытып, оны солдаттық міндеттен босатса да, Достоевскийге салынған құрсауды қатайта түседі. Екі тағдырлас достың арасындағы салқындық Шоқанға қатты батса керек, ол бұрынғы достарды райларынан қайтаруға біршама күш салғанын И. Стрелкова айғақтайды. Мысалы, бұлар екеуара хат жазысқанда хаттарды Шоқан арқылы жіберіп отырғанын И. Стрелкова өз зерттеуінде атап өтеді. Достоевский Шоқанға жазған бір хатында: «… Оған менің мынадай ең жақсы тілегімді жеткізіңіз. Мен оны баяғыдай жақсы көремін және шын жүрегіммен ардақ тұтамын» дейді (И. Стрелкова. «Валиханов», 132-бет).
Жазушы Шоқанға жазған бір хатында досының адъютанттық қызметін пайдаланып, орыс әкімдерінен қазақ даласының жағдайын жақсартуға жәрдем сұрауы жөнінде ақыл-кеңес береді.
Алайда, 1857 жылы Орыс императорлық географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланған, 1858 жылы Қашқарға басын өлімге тіге отырып, саудагер ретінде астыртын аттанып, бір жыл ішінде Қытайдың саяси-әлеуметтік құрылымын және әскери күш-қуатын, басқа да құпияларын Ресей үкіметіне ашып беріп, баға жеткісіз қызмет сіңірген Шоқанды қабылдаған Александр ІІ патша оған сенімсіздікпен қараған. Сондықтан Шоқан патшамен әңгіме үстінде қазақ даласын сауаттандыру, онда демократиялық реформалар енгізу туралы айтқан ашық ойлары үшін кейін қудалауға ұшыраған.
1856 жылы Шоқан Достоевскиймен кездесу үшін өзінің қызмет бабын пайдаланып, Г. Гасфорттың арнайы тапсырмасымен келген болып, Семейде ебін тауып, жазушымен аса құпия жағдайда қайта табысады. Ол өзінің қаражатын беріп, жазушыға ақшалай жәрдем жасайды. Содан кейін екі дос алты жыл бойы, 1862 жылға дейін достық қарым-қатынастарын хаттары арқылы жалғастыра береді. Патша жандармериясының қатаң бақылауында болған «қоңыраулы» жазушы мен Шоқан хаттарын поштамен емес, ең сенімді деген достары арқылы жолдап отырған.
«Өзіңіз кеткеннен кейін мен Сіздің қалаңызда тек бір қонып, келесі күні ертемен жүріп кеттім. Ол кеш мен үшін өте көңілсіз болды. Өзімнің соншама жақсы көрген және өзіме де жақсы ниет білдірген адамдармен айрылысу маған өте-мөте ауыр тиді. Сізбен бірге Семейде өткізген аз ғана күн маған сондай тамаша әсер етті, ендігі менің бар ойым – Сізбен тағы да бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін, бірақ оның қажеті де жоқ қой деймін: менің Сізге қандай берілгендігімді және Сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз», – деп жазса, оның бұл хатына жауабында Федор Михайлович: «… Мен еш уақытта да және ешкімге, тіпті, туған ініме де, тап Сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін. Бұған талай дәлел келтіруге де болар еді», – дейді.
1857 жылдың ақпанында Достоевский үйленеді. Қаражаттың жоқтығынан зардап тартқан жазушыға достары қаржылай жәрдем береді. Солардың ішінде М. Хоментовский (орыс әскерінің полковнигі) де бар. Ал Шоқан жазушыға мол етіп заттай көмек жасайды.
Ф. Достоевский бірде өзінің әйеліне: «Мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл – менің сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы, сондықтан да ол маған қымбат. Сондықтан мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын», – депті.
Қос халықтың екі ғұламасы тірлігінде осылайша сыйласып өткен. Жазушы өмірден отыз жасында озып кеткен Шоқанның қазасына қатты қайғырған. Шоқан 1865 жылы қайтыс болса, Федор Достоевский 1881 жылы өмірден озғанша өзінің жас досына деген құрметі мен асқан сағыныш сезімін жүрегінде мәңгілік сақтаған.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».