«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОБАЛАР ЖАЛҒАСУДА

Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасының аясында 7 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын құны 600 млрд. теңге 70 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті. Сондай-ақ, құрылысы 2016-2018 жылдары аяқталатын 100 жоба жалғастырылады. Биыл құрылыс алаңдарында индустрияландырудың барлық жобалары бойынша шамамен 45 мың адам жұмыспен қамтылады.

Министр 2015 жылы экспорттаушыларды несиелендіру жолымен қолдау үшін 35 млрд. теңге бөлінетінін атап өтті. Ведомство басшысының айтуынша, Индустрияландыру картасының аясында жобалардың 15 пайызы жүзеге аса бастаған, яғни 100-ден астам компания 1 млрд. АҚШ долларына тауар экспорттай бастаған. Министр Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет Орталық Азия, Кавказ, Иранға бағытталатын жаңа экспорттық бағдарламаны қабылдайтынын атап өтті.

Қазақстан Үкіметі автоөнеркәсіп саласында өндіріс ауқымы айтарлықтай төмендеген жағдайда оны сақтап, дамытатын шаралар кешенін қабылдады. “Әрине, бізде дағдарыстан көп зардап шеккен қосалқы өндірістер баршылық, соның бірі – автомобиль өнеркәсібі. Бұл негізінен екі айдың ішінде Ресейден елімізге 50 мыңнан астам арзан көліктің келуімен байланысты болып отыр”, – деді ол. Бүгінгі күні аталған саладағы проблемаларды шешуге қатысты арнайы жұмыс тобы іске кіріскен.

Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі мен шетелдік инвесторлар арасындағы келісімдерінің жалпы құны 18 млрд. доллардан асады. Қазақстан аймақтағы инвестиция көлемі өсіп келе жатқан мемлекеттердің бірі болып табылады. Оған сауатты инвестициялық саясат сеп болды. Министрдің айтуынша, экономиканың басым бағыттары бойынша екінші бесжылдықты жүзеге асыруға ниетті инвесторлармен келіссөздер жалғасатын болады. Олар – инвестиция көлемі 40 млн. доллардан асатын 100-ге жуық компания.

 “ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp