Сәрсенбі күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Онда Ақжар және Жамбыл аудандарында партия жобаларының және “Әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту” бағыты бойынша 2015-2019 жылдарға арналған “Нұрлы Жол” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Ақжар ауданының әкiмi Серiкбай Тұралиновтың айтуынша, партияның жергілікті жердегі филиалы жоспарға сай 8 партиялық жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, “Бақытты балалық” жобасы аясында жазғы демалыс кезінде 2493 оқушыны сауықтыру орындарына жіберу көзделген. Сондай-ақ, аудан жастарының ішінен белсендiлердi анықтау, мамандығы жоқтардың екі қолға бір күрек табуына жәрдемдесу жұмыстары жолға қойылған. Бүгінгі таңда кәсіптік білімі жоқ жастарды Ленинград ауыл шаруашылығы колледжiнде оқыту қолға алынған.
Осы орайда облыс әкімі Ерiк Сұлтанов жастарды, әсiресе, ауыл жастарын жұмысқа орналастырудың маңыздылығын зор және еліміздегі осы бағыттағы жұмыс iстейтiн барлық тетiктердi тиiмдi қолдану керек екендігін атап көрсетті.
2015-2019 жылдарға арналған “Нұрлы Жол” бағдарламасының “Әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту” саласын жүзеге асыру барысы жайында облыстық мәслихаттың депутаты Ғафура Бөстекова мен құрылыс басқармасының басшысы Серiк Мұхамедиев баяндады.
Серiк Мұхамедиевтiң айтуынша, үстіміздегі жылы “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында Тайынша ауданының орталығында 300 орындық мектептің, Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында 200 орындық жатын корпусы бар 400 балаға арналған мектеп-интернаттың, Петропавл қаласындағы 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.