Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі “Adaldyq alańy” жобасының 2020 жылғы І тоқсандағы жұмысын қорытындылады. Онлайн форматта өткен жиынға министрліктердің жауапты хатшылары, Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары, жоба жетекшілері, яғни облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердегі және орталық мемлекеттік органдардағы “Adaldyq alańy” басшылары қатысты.
Бүгінде “Adaldyq alańy” жобасы мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының бірегей алаңына айналды. 14 өңірде “Антикор” орталықтары ашылды. Онда кез келген адам өзін мазалаған мәселелер бойынша құқықтық көмек пен кеңес ала алады.
Жыл басынан бері елімізде 2933 азамат жобалық кеңселерге жүгініп, олардың 70 пайызының мәселесі оң шешімін тапты. Мәселен, “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша науқастарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін оң шешіп берді.
“Adaldyq alańy”-ның арнайы телебағдарламалары өңірлік телеарналарда апта сайын эфирге шығып тұрады. Ал өңірлік басылымдарда “Adaldyq alańy” арнайы айдарлары бар.
Есепті кезеңде “Adaldyq alańy” жобасының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысы аясында 6,2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші, соның ішінде басшылар да бар, сабақ алу үшін түрмелерге саяхатқа барды.
Қазіргі уақытта елімізде 1107 мемлекеттік мекеме жаңа “Open space” форматында қызмет етсе, оның 150-і биылғы жылдың бірінші тоқсанында ауысқан. Өткен кезеңде 97 мемлекеттік мекеме жұртшылықпен жұмыстың сервистік моделіне көшіп, 296 басшы бірінші қабаттарға көшірілген.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты “Adaldyq alańy” жобалық кеңселерінің қызметі қайта жаңғырды. Жобалық кеңселердің өкілдері жүргізіліп жатқан жұмыс туралы халықты онлайн хабардар етуді, сондай-ақ, баға мониторингін қолға алды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бірқатар өңірлерде азық-түлік тауарларының бағасы 30-40 пайызға төмендеді.
Амангелді САТАНОВ,
“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің жетекшісі.