«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛАЙРЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Петропавл – Астана, Петропавл – Жезқазған бағыттарының түйіскен тұсында салынған жолайрық пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа ел қазынасынан бөлінген қаражат – 986 миллион теңге. Құрылысты жүргізген елордалық “КазПако” фирмасы аталмыш жол учаскесін белгіленген мерзімде іске қосты.

Облысымызда бұған дейін мұндай жолайрық болған емес. Оның құрылысы өткен жылдың сәуірінде басталған болатын. Ол Астана – Петропавл, Петропавл – Жезқазған бағыттарында қатынайтын көлік қозғалысында іркіліс болдырмау мақсатында салынды.

– Жолайрық жаңартылып жатқан Астана – Петропавл тасжолының жоспарына сәйкес салынды. Себебі, жаңа күрежол іске қосылған уақытта көлік ағыны айтарлықтай артары сөзсіз. Сол кезде жүргізушілерге қолайсыздық туғызбас үшін жасалып жатыр, – дейді “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Ыдырысов.

Екі жолақты жолайрықтың ені – 22, биіктігі 4 метрді құрайды. Петропавлдан Астанаға баратын көліктер көпірдің үстімен жүрсе, Жезқазған бағытындағы көліктер астымен өтеді.

– Бұл – облыс үшін үлкен жаңалық. Жолайрық құрылысын жүргізген “КазПако” фирмасы өздерінің міндеттерін уақтылы әрі сапалы атқарды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мамандарға айтар алғысымыз зор, – деді салтанатты шарада сөз алған “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Асқар Жанкин.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp