
№11М бағытындағы автобус ақпан айының 10-ынан бастап өз жұмысын тоқтатты. Мұның себебін “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенова айтып берді. Оның айтуынша, №11М бағытындағы қоғамдық көлік бірнеше жағдайға байланысты жүрмейтін болған. Біріншіден, аталмыш автобустың қызметін пайдаланушы тұрғындар саны өте аз. Екінші себеп, темір жол вокзалы мен әскери институт аралығында қатынайтын қоғамдық көліктердің әбден тозығы жеткен. Осының салдарынан кей кездері жүру уақыты 10-нан 40 минутқа дейін кешіктірілетін көрінеді.
Дегенмен, тұрғындардың алаңдауына себеп жоқ. Өйткені, №11М бағытындағы автобустың орнын №19-шы қоғамдық көлік алмастырған. Яғни, тұрғындар осы автобуспен діттеген жеріне жете алады. Галина Семенова автобустар бағытының өзгергені туралы ақпарат әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға түсіндірілгенін айтты.