“Автобус” жедел алдын-алу шарасы барысында өңір полицейлері жүргізушілердің құжаттарын, жолаушылар тасымалдайтын көлікті қолдану ережелерінің сақталуын, автобустардың техникалық жағдайын тексерді.
Іс-шараның екі күні ішінде Петропавл қаласындағы автопарктердің бірінің өкілдеріне қатысты Қазақстан Республикасы “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” кодексінің 617-бабы бойынша екі хаттама толтырылды. Бұл кәсіпорын техникалық талаптарға сай келмейтін автобустарды жолға шығарғаны үшін айыпты болып отыр. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Азамат Жамуковтың айтуынша, екі автобус та бағыттан шығарылды. “Техникалық талаптардың сақталмауы жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін естен шығармау керек. Облыс аумағында 5 автобусты пайдалануға тыйым салынды”, – деді полиция капитаны.
Автобус жүргізушілерінің арасында ең кең таралған заң бұзушылық – рөлде отырып ұялы телефон арқылы сөйлесу. Сол үшін 37 адам жауапкершілікке тартылды. 33 жүргізуші қоғамдық көлікті техникалық төлқұжатсыз, сақтандырусыз және басқа да қажетті құжаттарсыз жүргізген. 30 автобус жүргізушісі жолда жүру ережесін бұзғаны үшін, 21-і жылдамдықты асырғаны үшін жазаланды. Кейбіреуінің медициналық қобдишасы, өртсөндіргіші жоқ болып шыққан.
“Автобус” жедел-алдын алу шарасының екі күні барысында тәртіп сақшылары 241 әкімшілік хаттама толтырды.