«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛАУШЫҒА ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ

Бүгіндері облыстың бас шаһарын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, Петропавл темір жол вокзалында жұмыс қыза түскен. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов сырттан келген жолаушылардың қала туралы алғашқы көзқарасы қалыптасатын вокзалда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Темір жол вокзалында жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңінде сыртқы келбеті мен шатыры жаңартылған болатын. Былтыр орталық бөлігі, инженерлік коммуникациялар мен сыртқы электрмен қамту жүйесі жөндеуден өтті. Қазір атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің бас инженері Валерий Попов айтып берді.
– “Ресей темір жолы” АҚ-ы Петропавл темір жол вокзалын жаңғырту және вокзал алаңын абаттандыру жұмыстарына 3 млрд. теңге бағыттаған болатын. Жоба аясында ғимараттың іші-сырты заман талабына сай өзгертілуде. Бұрынғы нысаннан тек қабырғалары ғана қалды. Одан басқасының барлығы ауыстырылды. Қазіргі уақытта жұмысшылар үшінші қабатқа шығатын эскалатор мен мүгедек жандарға арналған көтергіштердің шахталарын орнатуға кірісті. Ал шетелден сатып алынған лифтілер тамыз айында Петропавлға жеткізіледі. Олардың әрқайсысы бір мың килограмға дейін жүк көтере алады, – деді Валерий Попов.
Мердігер компания жобаға сәйкес вокзалдың алдына 800 шаршы метрлі витражды фойе жасауда. Жолаушыларға арналған екі күту залын жабдықтамақ. Бұдан бөлек, үшінші қабаттағы күту залын кеңейту жоспарда бар. Сонымен қатар платформаларға апаратын өткелдер де кеңейтілген.
Абаттандырылып жатқан вокзал алдындағы саябақ та алдағы уақытта шаһар тұрғындарының ең сүйікті орындарының біріне айналары сөзсіз. Жоба авторы – “BIM project KZ” ЖШС-нің өкілі Асылбек Бағановтың айтуынша, 1,5 гектар аумаққа екі фонтан және заманауи 48 орындық қойылады. Сондай-ақ, бүгінге дейін 36 шырша мен 160 тал көшеттері отырғызылған. Қазіргі уақытта 500 шаршы метр аумаққа жасыл желек төселді. Бұл жердегі автотұрақ та кеңейтіліп, маңайдағы ескі павильондар түгелдей сүрілген. Ең бастысы автобус аялдамалары вокзалға жақын жерлерге көшірілетін болады.
– Петропавл вокзалы арқылы жыл сайын, шамамен, 250 мың адам қатынайды. Сондықтан нысан алаңқайы эстетикалық жағынан көрікті, заманауи болуы тиіс. Өйткені, қонақтар қала туралы алғашқы пікірін бұл жерде қалыптастырады емес пе?! – деді Құмар Іргебайұлы.
Құрылысшылар жұмысты желтоқсан айында аяқтауды жоспарлауда.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp