
Облыс орталығында электронды билеттендіру жүйесін іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Желтоқсанның бірінен бастап қалалық төрт автобус бағытында арнайы картамен есеп айырысуға болады. Әзірге қоғамдық көліктердің бәрінде жол жүру ақысы бұрынғысынша сақталмақ. Электрондық төлем де, қолма қол есеп айырысу да ересектер үшін 80 теңгені, ал балалар үшін 40 теңгені құрамақ.
Қыс келісімен қалалық қоғамдық автобустарда жаппай электронды билет жүйесі енгізілуі тиіс болатын. Дегенмен, желтоқсанның бірінен арнайы терминалдардың тек 4 бағытта жүретін көліктерге қойылатыны белгілі болды. Қазір қалаға
есеп айырысуды жеңілдетін 50 терминал әкелінген. Олар нөмірі 6, 16, 26М және 27-автобустарға орнаталады.
Сонымен қатар, қарашаның 27-інен жол жүру ақысы үшін есеп айырысатын карталар да жаппай сатылымға шығарылған.
— Картаны іске қосып, тексеріп көрдім, шотыма ақша салдым. Терминалдар қазір жұмыс істеп тұр. Мен автобусқа отырғанда терминалдан жол ақысының төленгенін көре аламын. Қанша ақша қалғанын да білуге болады. Ал көлік жүргізушісі немесе кондуктор көліктік картамен есеп айырысқан не айырыспағанымды тексергісі келсе, картаны қайта саламын. Сонда төлегенім туралы ақпар шығады, — дейді жобалық менеджер Дмитрий Ким.
Жол ақысын төлеу картасын 500 теңгеге сатып алып, ұзақ уақыт бойы қолдануға болады. Ішіне ақша салып, іске қосу тәртіптері картаның өзінде жазылған. Ал оны алғысы келмегендер, NFC модулі бар кәдімгі банк карталарын іске жарата алады. Қазір мұндай модуль кең таралған «Kaspi Bank», «Homebank» карталарында, «QIWI-әмиян» төлем жүйесі және басқаларында бар.
Сурет: https://www.zakon.kz/