«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДАР ҚАЛДЫ АЛЫСТА, ЖАҚЫНДА ДА …

Келмеске кеткен Кеңес Одағының тізгінін Н.Хрущев ұстаған тұста ұлттық газет редакциялары жабылса, мектептеріміз де қадау-қадау ғана қалған еді: мәселен, өңіріміздегі олардың саны бір қолдың саусақтарына да жетпейтін. Солардың бірі – Николаевка орта мектебі көршілес ауылдардың ғана емес, шалғайдағы Бұлақ пен Ақтас сияқты елді мекендердің де жасөспірімдерін тоғыстырғаны сондықтан.

Сенбі сайын емес, каникулдарда ғана туған жеріне табаны тиетін оқушылардың бірі Аманжол Нұртаев еді: ол Мамлют ауданындағы Ленин ауылынікі. Кейбіріміз бөз көйлектің ішінде бүр жарған махаббатымызға мастанып жүрсек те, балалығымыз қалған жоқ еді: интернаттың бірінші бөлмесінде тұрған біздің бір-бірімізді жастықпен пергілегеніміз әлі есімде. Ал Аманжолдікін жұмыс бөлмесі дерсің: қашан көрсең де тап-таза! Ол еті тірі екендігін сол интернатта-ақ көрсетті: қара одеялды қабырғаға тұтып, кішкентай фотоаппаратымен бізді суретке түсіретін. Дүкеншінің ұлы екендігін және көрсетті: аудан орталығы – Явленкаға барып, онда бағасы бірнеше тиын ғана тұратын майда-шүйде тауарларды сатып алып, базарлығымен бізді де қуантатын.

Көзің де, сөзің де жетпейтін алыстағы ауылдағы мектепке қатынаудың қиындығы маған да мәлім: өз басымнан өткерген болатынмын. Абырой болғанда, Жамбыл орта мектебі ашылып, Аманжол соны бітіріп шықты.

Ол 1966 жылы 11-сыныпты бітіргенде одан бір саты төмен оқығандар да мектептен түлеп ұшып, абитуриенттердің конкурсын күшейте түсті. Оның үстіне Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсуге тоғысқандар бір көлдің құстарындай көп еді. Соған қарамастан тиянақтылығымен және талмас талпынысымен білімнің де біршама биігін бағындырған ол студенттер сапына қиналмай-ақ қосылды.

Мамандық таңдауда да жаңылысқан жоқ: экономист оған қол еді.

Ол кезде Целиноград біздің Қызылжардың ар жақ-бер жағындағы қала болатын. Және де ондағы студенттердің арасында Аманжолдың жерлестері де бірсыпыра еді. Сондықтан болар, тәртіп бұзуды білмейтін ол институтта да табандылық танытып, цифрлары жұлдыздай жыпырлаған экономиканы игеруге жалыққан жоқ. Мұнда да бір емес, бірнеше жұмыстың басын қайыратын мектептегі ескі әдетіне басты: тергеу оқшаулағышында фотодактилоскоп болып жұмыс істеді.

Иә, Көбеште оқып жүргенінде фотосурет өнеріне қанық болғандығы кәдеге асты: тергеудегі адамдарды фотосуретке түсіру оған оп-оңай еді.

Аманжол екі жыл әскерде болғанында да жарқырап көріне білді: “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Екінші жылы аға лейтенант атағын күні бұрын алды. Ал әскерден жылқымен оралды: Краснодар өлкесінде егін орағы барысында оның взводы мол астық тасымалдағаны үшін Аманжолға сыйға тартылды.

Оның еңбек жолы оп-оңай болған жоқ: жоғары білім алып шыққан ұлттық мамандарға ең алыстағы Тимирязев ауданына жолдама беру дәстүрі бұзылмады. Аманжол болса “Степной” кеңшарында бас экономист болып біліктілігімен көзге түсті. Оның бүкіл кеңшардың тұрғындарын алақанындағыдай көріп отыратын ауыр қызмет – ауылдық кеңестің төрағалығына жоғарылатылғандығы да содан.

Бұл өсудің басы ғана екен. Содан кейін “Мичурин” кеңшары партия ұйымының хатшысы болды. Шаруашылықтың екінші басшысы болып табылатын бұл қызметте де оның беделі жоғары болғанын өз көзіммен көргенім бар. Тимирязев ауданында іссапарда жиі болған мен бірде “Мичуриннің” егін алқабындағы түнгі жұмысқа таңырқаған едім. Көлденең көз “Пирожковоз” деп аталған қызыл “Москвичпен” алқапқа келген екеуіміз, жоқ-жоқ, Ленин орденді бригадир М.Шинкаренко үшеуіміз таң атқанша отырғанымыз-ай.

Екі кеңшардың күллі тұрғындары және Тимирязевоның өзінің басшылары да, қосшылары да ауылдастарындай болып кеткен бұл ауданда Аманжол жас қарағайдай жыл сайын толыса түскен еді. Бірақ шетте көп жүре алмады: ауылдағы ағасы Сәбиттің жол апатынан қайтыс болуына байланысты Мамлют ауданына ауысуына тура келді. Ағасының бес саусағындай бес баланы өсіріп, оқыту үшін ол көмегін аяған жоқ. Нәтижесінде олардың да, өзінің екі қызының да өз қолдары өз ауыздарына жетті.

Қызба емес, қыз мінезді, боқтауды да, даттауды да білмейтін, босқа мақтауды сүймейтін, зілін де әзілмен жеткізетін, нәтижесінде кез келген адаммен тіл табыса білетін, ең бастысы, ұйымдастырушылық қабілеті бар Аманжолдың мансабы жоғарыламауы мүмкін емес еді. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы және кеңшардың партком хатшысы болып талай жыл жүрген жоқ: аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.

Әсіресе, көктен түсе қалғандай болған тәуелсіздікке қолымыз жеткенде аяғын тәй-тәй басқан сәбидің күйін кешкен еліміздің шаңырағын шайқалтпауға оның да үлесін қосқаны қандай ғанибет! Мәселен, аудан әкімінің орынбасары болып жүргенінде түнде төсекке басы тигенге дейін автокөліктен бір түспей, тыным-толас таппайтын. Бірде күзде Дубровное орта мектебінде төтенше жағдай болды: қазандығы жарылып, жарамсыз болып қалды. Сол күні оған аудан әкімі мынадай тапсырма берді: 5 күннің ішінде мектепке жылу беру керек. Атар таңды көзімен атқызған Аманжол сағат 7-де ауыл әкімдігіне келіп, оның әкімін, ата-аналар комитетінің төрағасын және ірі шаруашылықтардың басшыларын шақырып алып, төтенше жағдайға байланысты отырыс өткізді.

Сонда “Дубровное” шаруа қожалығының басшысы (А.П.Нахлесткин) – 300 мың, ұсақ қожалықтар – 400 мың теңге, ал ата-аналар 180 мың теңге жинап бергені әлі есінде. Қажетті сома қолына тиген Аманжол қалған іске қиналған жоқ: қазандықты Қостанайда жасатып, одан соң тиісті мамандарды тауып, бес күннің ішінде жел азынаған мектепке жылу берді. Сөйтіп, өзінің уәденің адамы екендігін көрсете білді.

Екі шақырылым бойы аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланған жылдарда да қол қусырып отыра алмады. Аудандық бюджеттің тапшылығына қарамастан, барлық округтерге ұңғымалар орнатып, Новомихайловка ауылдық округі Есіл су құбырына қосылды. Бұл Аманжол Нұртаев бастаған бір топ депутаттардың (Е.Мәмбетов, Н.Сағындықов, Н.Кулик) ықпалымен тындырылған бір іс.

Еңбекке адал адам елге сыйлы ғой. Айдалада әскерде жүріп, медаль алған Аманжол кейін де көп медальмен омырауын көмкерді. Оған, әсіресе, ел Президентінің Алғыс хаты ыстық. Сонымен бірге “Мамлют ауданының құрметті азаматы”, “Ауыл шаруашылығының құрметті ардагері” атақтарын алғаны да көңілге тоқ.

2010 жылы зейнет демалысына шығып, облыс орталығына қоныс аударған Аманжол қарт ойнауды ермек қылатын топқа да, жайнамазға жығылған қарияларға да қосылмады. Ол бірнеше жылдан бері облыстық ардагерлер кеңесінде маман болып еңбек етіп келеді әрі сондағы бір тұрақты комиссияның төрағасы.

Қалжыңы қалмайтын ол маған телефон шалғанында: “Мен Шәрбанның (зайыбы – Б.Қ.) күйеуімін ғой”, – деп бастап, бір күлдіріп алады.

Өміріміз сонда нұрлана түскендей болады.

Жасай бер, Аманжол!

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp