Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Үкімет мүшелері Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі жоспарлары туралы баяндады.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев отырысты аша отырып, Мемлекет басшысының Жолдауы халық арасында үлкен қолдауға ие болып жатқанын айтты. Үкіметтің негізгі міндеті – таяу келешекте аталған міндеттерді іске асыру; өңірлерге бөлінетін қаражаттардың жеткілікті көлемін қамтамасыз ету; қажетті шешімдерді жылдам қабылдау. Халық бүгін аталған тапсырмалардың орындалуын күтпеуі керек, халық атқарылған жұмыстың нәтижесін көруі керек.
Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешев Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет қызметінің басты басымдығы ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтағанын еске салды. Ол екі құрамды бөліктен тұрады: халық кірісінің өсімі мен әлеуметтік қызметтер сапасынан, өмір сүруге жайлы орта мен қауіпсіздіктен тұратын өмір сапасының артуы. Бұдан өзге, Президент қыс мезгіліне, егін жинау науқанына, азық-түлік өнімдері мен көмір бағасының негізсіз өсу жағдайына және қоғамдық-саяси жағдайдан көрінетін қазақстандықтардың көңіл күйіне қатысты басқа да мәселелерді бақылауда ұстайтын болады.
Кірістер деңгейін арттыру
Ең алдымен халық кірісінің деңгейін арттыру шаралары қабылданады. Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге арттырылып, 28 мың теңгеден 42,5 мың теңгені құрайтын болады. Осының нәтижесінде 1,3 млн. азаматтың еңбекақысы өседі. Бұдан өзге, 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға арттырылады. Бұл – білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысының ең төмен жалақы мөлшерін 1,5 есеге, 42,5 мың теңгеге дейін арттыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап “2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң жобасына тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты.
Білім беру сапасы
Президент 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4 пайыздан 10 пайызға дейін жеткізу туралы міндет қойды.
Бұдан өзге, педагогтердің мәртебесін арттыру, жаңа мектептер салу, сондай-ақ, учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 20 пайызға біртіндеп арттыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және Астанада жаңа ғылыми онкологиялық орталықты салу шаралары қабылданады.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп және мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту үшін министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және бірыңғай біліктілік талаптарын енгізуді қамтитын Жол картасын дайындайтынын айтты.
Медициналық
қызмет көрсету
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында барлық учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы сатылай 20 пайызға артатынын айтты. Яғни, бұл – 10 мыңнан аса учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикенің жалақысы жаңа әдістерді меңгеру деңгейіне қарай келесі жылдың соңына дейін өседі деген сөз. Бұл мақсатқа 5 млрд. теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар толығымен қағазсыз медициналық құжаттармен жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызы электронды паспортпен қамтылады.
Индустрияландырудың жаңа жолдары
Тауарлардың шығарылған қоржынын одан әрі “күрделендіру” және сыртқы нарықтарға шығу ауқымын кеңейту басты басымдық болмақ. Өнеркәсіпті “цифрлық дәуірге” дайындау үшін қажетті инфрақұрылым мен стандарттар, “модельдік зауыттар” құрылады. Сондай-ақ, экспорттаушыларға кешенді қаржылық және жалпылай қолдау көрсету ісі нығаяды. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа 500 млрд. теңге бөлінеді.
Сапалы және қолжетімді тұрғын үй
Сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 650 мыңнан астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Алдағы бес жылда “7 – 20 – 25” бағдарламасы аясында шамамен 103 мың адам тұрғын үй иесі атануы мүмкін. Осы бағдарлама аясында әкімдіктерге жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін әзірлеу тапсырылды. Яғни, жас отбасылар мен бюджеттік саланың қызметкерлеріне бастапқы жарнаның жартысын өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Министр Ж.Қасымбектің айтуынша, мемлекеттік қаражатқа 20 мың жалға берілетін және 56 мың несиелік тұрғын үй салынады.
Бизнес және инвестициялық ахуалды жақсарту
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін жыл сайын шағын және орта бизнесті дамыту аясында қосымша 30 млрд. теңге қарастырылатын болады деді. Қазірге дейін 4 мың жобаны қамтитын жаңа пул жасалды.
ҰЭМ көлеңкелі айналымды жоюға қатысты ERP-жүйелерді және “кэшбектерді” пайдалану, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ескермеу бойынша бірқатар түзетулер әзірледі. Жыл соңына дейін бизнес ортаны дамыту мен сауда қызметін реттеуді жетілдіру жөніндегі заң жобасы аясында шағын және орта бизнес үшін “салық амнистиясын” жүргізу бойынша қажетті өзгерістер ескерілетін болады.
Агроөнеркәсіп кешенін өркендету
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамалар мемлекеттің агросектордағы рөлін жаңа сапалы деңгейге шығаратынын атап өтті.
Аграрлық білім берудің сапасын жақсарту мақсатында үш аграрлық оқу орны білікті мамандар даярлау ісіне жұмылдырылып жатыр. Оларға Назарбаев Университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі және шетелдік оқу орындарының франшизалары тартылады.
Өңірлерді тұрақты дамыту
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов атап өткендей, қазіргі уақытта министрлік Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ, белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр. Болжамды схеманы сапалы іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленеді.
Өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау – 100 пайызға, ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау 80 пайызды құрайтын болады.
Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету
Қаржы министрі Әлихан Смайылов білім беру мен денсаулық сақтау салаларын осы салаларда шығындардың тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, мемлекеттік қолдауды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты. Ең төменгі жалақы көлемін өсіруді іске асыруға жыл сайын 96,3 млрд. теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 85,8 млрд. теңге тікелей 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Ал 10,4 млрд. теңгесі – салықтық шегерулердің артуына байланысты өңірлердің табыс бөлігінің шығындарының орнын толтыруға бағытталады. Олар ЖАО-ға мақсатты трансферттер түрінде жеткізіледі.
“Үш жылдық бюджет аясында білімге жұмсалатын шығындарды биыл 456,3 млрд. теңгеден 2021 жылы 752,1 млрд. теңгеге дейін немесе 65%-ға арттыру жоспарланып отыр. Осы кезеңде денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 24%-ға, 1076,2 млрд. теңгеден 1339,1 млрд. теңгеге дейін өсіру көзделген”, – деді Ә.Смайылов.
Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ІІМ жүйесін реформалау жоспарлары туралы баяндады.
“Жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10 пайызға қысқартуды жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 9000 полиция және 1600 – ҚАЖК. Бюджет қаражатының қалыптасқан үнемін қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын арттыруға пайдаланамыз”, – деді Қ.Қасымов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осылайша, Жолдаудың барлық бағыттары бойынша іс-шаралардың жалпы ұлттық жоспары дайындалады. Ұлттық экономика министрлігіне Үкіметке Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы тиісті қаулы жобасын енгізу тапсырылды.
(“Егемен Қазақстан”,
6 қазан 2018 жыл).