
Облыстық әкімдікте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған жиынға департамент, басқарма, ірі шаруашылық басшылары, аудан әкімдері /онлайн-режім/, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, жастар, БАҚ өкілдері қатыты.
Алқалы басқосуда аймақ басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, тарихи құжатта белгіленген экономикалық реформаларды жүзеге асырудың, қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртудың басты бағыттарына тоқталды.
«Жолдау әлемдік нарықтардағы экономикалық күйзелістерден, ауыр пандемиядан, әлеуметтік-экономикалық проблемалардан кейінгі одан әрі дамуымыздың нақты да жедел шараларын айқындап берді. Президент Қазақстан азаматтарының лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ерекше басымдық берді», дей келіп, Құмар Іргебайұлы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден басталатынын алға тартқанын, түбегейлі реформаны жүргізу үшін Президент мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауды ұсынғанын жеткізді. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды. Мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды жеделдетудің нақты мерзімі жарияланды. Екі жылдың ішінде шенеуніктердің саны 25 пайызға қысқарады.
Баяндамашы одан әрі жаңа жағдайдағы экономикалық даму бойынша әртараптандырылған және озық технологияларға негізделген өңірлік мәселелерді әңгімеледі. Бүгінде әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерінің 19 түрінің 15-і жергілікті жерлерде өндіріледі. Оның 11 түрі толық қамтамасыз етілген. Экспортқа бағдарланған астық өндірісін әртараптандыру өз жемісін беріп келеді. Импорттық орналастыру бағдарламасы шеңберінде майлы дақылдар алқабы едәуір молайды. Биыл 6 мың бас сиырға арналған осы заманғы 10 тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 14 млрд. теңге инвестиция тартылған. Президенттің тапсырмасына орай өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдаланудың, ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті етіп құрудың, шикізатты тереңдетіп өңдеудің жергілікті бағдарламалары одан әрі жалғастырылады. Оның бір мысалына «Биооперейшн» ЖШС-ін келтіруге болады. Мұнда 230 адам жұмыс атқарады. Қазір крахмал мен клейковина шығарылса, жыл аяғына дейін биоэтанол өндірісі қамтамасыз етіледі. Былтыр 8,5 млрд. теңгенің 82 мың тоннаға жуық крахмал, глютен, ұн, мал азығы өнімдері өндірілді. Жылдық қуаттылығы 360 мың тоннаға тең «KAZMEAL» құрамажем фабрикасы іске қосылды. Оған құйылған инвестиция мөлшері 4 млрд. теңгеге жуық. «Масло Дел» зауыты қайта жаңғыртудан өткеннен кейін жылдық сү өнімдерін қайта өңдеу көрсеткішін 120 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Қ.Ақсақалов теңгерімді аумақтық даму жайына жан-жақты тоқталды. Мемлекет басшысы елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту талабын қойды. Шынында да, өңірлер арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеруіміз керек. Бұл бағытта өткір мәселелер аз емес. Стратегиялық тұрғыдан маңызды саналатын елді мекендердің әлеуетін толық пайдаланатын боламыз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға 844,2 млн.теңге бөлінді. Аудан әкімдері нысандардың сапасына, уақытылы іске қосылуына бақылауды күшейткендері жөн.
Жолдауда азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты бірінші кезекте баспана мәселесіне тікелей байланысты екені, ал нарық жағдайында үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабылетіне қарай жүзеге асатыны басты басымдық ретінде белгіленді. Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға 17,2 млрд. теңге, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспаналар құрылысына 3,2 млрд. теңге қарастырылған. Бірінші кезекте 125 көп балалы және тұрмысы төмен 296 отбасы қамтамасыз етіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үйлер салу ісі баяу жүріп жатқанынын атап өткен Құмар Іргебайұлы аудан, қала әкімдеріне үй салынатын аумақтарды дайындау шараларының тездетілуін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әлеуетін пайдалануды жүктеді.
Коронавиус індеті қолжетімді әрі сапалы білімнің қажеттілігін, тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертудың ішкі мүмкіндіктерін саралап берді. Елеулі қиындықтарға қарамастан облыс оқушылары жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. 339 шағын жинақты мектеп сабақты дәстүрлі оқу бойынша бастаса, 138 мектеп қашықтан оқу тәсіліне көшті. Бастауыш сыныптар үшін 1661 «кезекші сыныптар» ұйымдастырылған. Осылайша 73 мыңға тарта оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылса, 2025 жылға қарай 6 жастан кейінгілер үшін де осындай мүмкіндік тудырылмақ. Қ.Ақсақалов өз сөзінде мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, оның ішінде компьютерлер жүйесін жаңарту, балалар арасында бұқаралық спортты өрістету, түрлі спорттық, шығармашылық үйірмелер ашу қажеттігіне тиісті орындардың назарын аударды. Пандемия денсаулық сақтау саласында да бірқатар түйінді проблемаларды туындатқанмен, көп нәрсеге үйретті. Соның бірі ақ халатты абзал жандардың еңбегін бағалай білу, деген баяндамашы дәрігерлер қауымының әеуметтік жағдайы жақсара түсетінін айтты. Жолдауда пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реанимотолог, пульмонолог, кардиолог сияқты дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылды. Биыл Денсаулық сақтау министрлігі комисиясының шешімімен өңірге 120 жоғары білімді жас маман келіп, 67-і еңбек жолын ауылдық жерлерде бастайды. Олар үшін 1,5 млрд, ал қалаға жолдама алғандарға 505 мың теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Резидентурада білімдерін жалғастырып жатқан 76 маман екі жылдан кейін Мағжан еліне қайта оралады. Емдеу мекемелерінде ескірген инфрақұрылымды ауыстыру, құрал-жабдықтармен жарақтандыру бағытында қыруар жұмыс атқарылды. 465 млн. теңгеге 92 қондырғы сатып алынды. Облыстық қазынаның резерв қорынан бөлінген 528 млн. теңгеге 17 жасанды дем алдыратын аппарат, 20 амплификатор қойылды. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 38 жедел медицина көлігі, 2018-2021 жылдарға арналған аумақтық даму жоспары негізінде 1,9 млрд. теңгеге 40 жоғары технологиялы аппарат сатып алынады. «Береке» ықшамауданында 250 науқасты қабылдайтын емхана бой көтереді. Медициналық қызмет сапасын жақсарту, кадрлардың кәсіби біліктілігін шыңдау қашанда басты назарда болады.
Аймақ басшысы сөзінің соңында Жолдауда атап көрсетілген талаптарды іске асыру солтүстікқазақстандықтардың қолынан келетініне сенім білдірді.
Жарыссөзге «Прометей-Агро» ЖШС-нің директоры Юрий Щоль, «Өзінше» білім үйінің директоры Әсел Есжанова, кәсіпкерлер палатасы жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Олег Иванов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко қатысып, өз ойларымен бөлісті.