«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР Облыс активі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жайын талқылады

Облыстық әкімдікте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған жиын өтіп, оған департамент, басқарма, ірі шаруашылық басшылары, аудан әкімдері (онлайн режім), ардагерлер мен жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы басқосуда өңір басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, тарихи құжатта белгіленген экономикалық реформаларды жүзеге асырудың, қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртудың басты бағыттарына тоқталды. “Жолдауда әлемдік нарықтардағы экономикалық күйзелістерден, ауыр пандемиядан, әлеуметтік-экономикалық проблемалардан кейінгі одан әрі дамуымыздың нақты да жедел шаралары айқындалды. Президент Қазақстан азаматтарының лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге ерекше басымдық берді”, – дей келіп Құмар Іргебайұлы Қасым-Жомарт Кемеұлы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден басталатынын алға тартқанын, түбегейлі реформаны жүргізу үшін мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауды ұсынғанын жеткізді.

Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды. Мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды жеделдетудің нақты мерзімі жарияланды.

Екі жылдың ішінде шенеуніктердің саны 25 пайызға қысқарады. Үнемделген қаражат қызметкерлердің жалақысын көбейтуге жұмсалады. Бұл мәселені байыптылықпен шешу кадрлардың біліктілігін арттыруға, ең бастысы, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге жәрдемдеседі. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілген жағдайда мемлекеттік қызметшілердің еңбекке деген құлшынысы артып, жауапкершілігі нығая түспек.

Баяндамашы одан әрі жаңа жағдайдағы экономикалық даму бойынша әртараптандырылған және озық технологияларға негізделген өңірлік мәселелерге тоқталды. Бүгінде әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерінің 19 түрінің 15-і жергілікті жерде өндіріледі. Соңғы бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешені саласында еңбек өнімділігі 2 есеге артып, бір адамға шаққанда 1,7 млн. теңгеден 3,5 млн. теңгеге жетті. Төрт жылда экспортқа шығарылатын өнім мөлшері де айтарлықтай өсті. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 667,9 мың тоннаны құраса, 2019 жылы 823,9 мың тонна болды.

Экспортқа бағдарланған астық өндірісін әртараптандыру өз жемісін беріп келеді. Импорт алмастыру бағдарламасы шеңберінде майлы дақылдар алқабы едәуір молайды.

Биыл 6 мың бас сиырға арналған осызаманғы 10 тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 14 млрд. теңге инвестиция тартылған. 300 жаңа жұмыс орны құрылып, 30 мың тонна сүт өндіріледі. Ресейден, Еуропа елдерінен 1200 бас асылтұқымды ірі қара әкелінді. Жыл аяғына дейін 5 мың бас мал сатып алынады. Импорт үлесін азайту, жұртшылық сұранысын толық өтеу мақсатымен жылына 10 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік беретін Петропавл бройлер фабрикасы тұрғызылады.

Президенттің тапсырмасына орай өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдаланудың, ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті етіп құрудың, шикізатты тереңдетіп өңдеудің жергілікті бағдарламалары одан әрі жалғастырылады. Оның бір мысалына “BioOperations” ЖШС-ін келтіруге болады. Мұнда 230 адам жұмыс атқарады. Қазір крахмал мен клейковина шығарылса, жыл аяғына дейін биоэтанол өндірісі қамтамасыз етіледі. Былтыр 8,5 млрд. теңгенің 82 мың тоннаға жуық крахмал, глютен, ұн, мал азығы өнімдері өндірілді.

Жылдық қуаттылығы 360 мың тоннаға тең “KAZMEAL” құрама-жем фабрикасы іске қосылды. Оған құйылған инвестиция мөлшері 4 млрд. теңгеге жуық. “Масло Дел” зауыты жаңғыртудан өткеннен кейін жылдық сүт өнімдерін қайта өңдеу көрсеткішін 120 мың тоннаға дейін ұлғайтты.

Кооперация шаруашылықтарын дамытуда озық жобалар маңызды рөл атқарады. Облыс аумағында 141 ауыл шаруашылығы кооперативі орналасқан. Олардың 45-і – сүт, 96-ы ет өндіруге бағытталған. Вертикалды кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, сапалы әрі мол өнім өндіру, былайша айтқанда, бәсекелестік қабілетін нығайтпай болмайды. Бұл сала ауыл тұрғындарының негізгі табыс көздерінің бірі саналады. “Мол-ТД” серіктестігі “Егістен – сату нүктелеріне дейін” жобасын қолға алып, өнімдерді өз тұтынушыларына делдалсыз, тікелей жеткізеді.

Құмар Ақсақалов аумақтық даму жайына жан-жақты тоқталды. Мемлекет басшысы елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту талабын қойды. Шынында да, өңірлер арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңірдің артықшылығын ескеруіміз керек. Бұл бағытта өткір мәселелер аз емес. Стратегиялық тұрғыдан маңызды саналатын елді мекендердің әлеуетін толық пайдаланатын боламыз. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға 844,2 млн. теңге бөлінді. Аудан әкімдері нысандардың сапасына, уақтылы іске қосылуына бақылауды күшейткендері жөн.

Бүгінгі күні 30 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істесе, біразы ауылдық жерлерде орналасқан. Оларға тартылған адамдардың саны 100 мыңнан асады. Қазіргідей күрделі жағдайда бизнеске барынша қолдау көрсетуге, жұмыс орындарын, тұрғындардың табысын сақтауға мемлекет кепілдік беріп отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнеске көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беріледі. Субсидиялау 12 айлық кезеңді қамтиды. Көмекке мұқтаж жеке кәсіп иелерінің саны облыста 9 мыңдай. Елімізде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға таман – 35 пайызға, ал жұмыспен қамтылғандардың санын 4 млн. адамға дейін көбейту, ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да бейімделу міндеті қойылды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста экспорт мөлшері 29,8 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылға қарағанда 17 пайызға азайды. Бұл көрсеткішті көтеру керек. Өңірде 237,6 млрд. теңгенің 47 инвестициялық жобасы іске асырылып, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Жолдауда азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты бірінші кезекте баспана мәселесіне тікелей байланысты екені, ал нарық жағдайында үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне қарай жүзеге асатыны басты басымдық ретінде белгіленді. Өңірде “Нұрлы жер” бағдарламасын жүзеге асыруға – 17,2 млрд. теңге, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспаналар құрылысына 3,2 млрд. теңге қарастырылған. Бірінші кезекте 125 көпбалалы және тұрмысы төмен 296 отбасы қамтамасыз етіледі. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үйлер салу ісі баяу жүріп жатқанын атап өткен Құмар Іргебайұлы аудан, қала әкімдеріне үй салынатын аумақтарды дайындау шараларының тездетілуін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуетін пайдалануды жүктеді.

Коронавирус індеті қолжетімді әрі сапалы білімнің қажеттілігін, тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертудің ішкі мүмкіндіктерін саралап берді. Қиындықтарға қарамастан, облыс оқушылары жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. 339 шағын жинақты мектеп сабақты әдеттегідей бастаса, 138 мектеп қашықтан оқу тәсіліне көшті. Бастауыш сыныптар үшін 1661 “кезекші сынып” ұйымдастырылған. Осылайша, 73 мыңға тарта оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылса, 2025 жылға қарай 6 жастан кейінгілер үшін де осындай мүмкіндік тудырылмақ. Құмар Ақсақалов өз сөзінде мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, оның ішінде компьютерлер жүйесін жаңарту, балалар арасында бұқаралық спортты өрістету, түрлі спорттық, шығармашылық үйірмелер ашу қажеттігіне тиісті орындардың назарын аударды.

“Пандемия денсаулық сақтау саласында да бірқатар түйінді мәселелер туындатқанымен, көп нәрсеге үйретті. Соның бірі – ақ халатты абзал жандардың еңбегін бағалай білу”, – деген баяндамашы дәрігерлер қауымының әлеуметтік жағдайы әлі де жақсара түсетінін айтты. Жолдауда пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реанимотолог, пульмонолог, кардиолог сияқты дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылды. Биыл Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының шешімімен өңірге 120 жоғары білімді жас маман келіп, 67-сі еңбек жолын ауылдық жерлерде бастамақ. Олар үшін 1,5 млн., ал қалаға жолдама алғандарға 505 мың теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Резидентурада білімдерін жалғастырып жатқан 76 маман екі жылдан кейін Мағжан еліне қайта оралады. Емдеу мекемелерінде ескірген инфрақұрылымды ауыстыру, құрал-жабдықтармен жарақтандыру бағытында қыруар жұмыс атқарылды. 465 млн. теңгеге 92 қондырғы сатып алынды. Облыстық қазынаның резервінен бөлінген 528 млн. теңгеге 17 жасанды демалу аппараты, 20 амплификатор қойылды. “Жол картасы” бағдарламасы аясында 38 “Жедел жәрдем” көлігі, 2018-2021 жылдарға арналған аумақтық даму жоспары негізінде 1,9 млрд. теңгеге 40 жоғары технологиялы аппарат сатып алынады. “Береке” шағынауданында 250 науқасты қабылдайтын емхана бой көтереді.

Өңір басшысы сөзінің соңында Жолдауда атап көрсетілген талаптарды іске асыру солтүстікқазақстандықтардың қолынан келетініне сенім білдірді. Жарыссөзге “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры Юрий Щоль, “Өзінше” білім үйінің директоры Әсел Есжанова, кәсіпкерлер палатасы жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Олег Иванов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp