«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында кәсіпорындарда жұмысшылардың жалақысын көтеру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағаларын ырықтандыру мен коммуналдық төлемдердің құнын төмендету әңгіме арқауына айналды. Әкімдіктің отырысына облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің басшылары, тікелей байланыс режімінде барлық аудандардың әкімдері қатысты.

– Елбасы өз Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,3 миллион адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастама біздің өңірдегі кәсіпорындар тарапынан да қолдау табуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұл мәселе бойынша облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Қайрат Пішембаев хабарлама жасады. Бүгіндері облысымызда жұмысшыларының жалақысын көтеруі тиіс 13852 кәсіпорын анықталған.

Петропавл қаласы мен аудан әкімдіктерінен түскен деректерге қарағанда, олардың 84,5 пайызы 38 мыңнан астам жұмысшысының жалақыларын көтеруге ниетті екендіктерін білдірген. Бұл іс, әсіресе, Уәлиханов, Ақжар, Тимирязев пен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жақсы жолға қойылған. Облыстағы 21 ірі кәсіпорын, 38 орта және 11380 шағын бизнес субъектісі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшыларының жалақысын көтермек. Ол үшін жұмыс берушілермен 10 желтоқсанға дейін 3327 меморандум жасалып, 928 ұжымдық келісімшартқа өзгерістер енгізілген. Сонымен қатар бюджеттік саланың 43 мыңнан астам қызметкерінің еңбекақысы жаңа жылдан бастап өспек. Бұл жұмыстарды 25 желтоқсанға дейін аяқтау көзделген.

Алайда, Қызылжар, Шал ақын, Мамлют аудандарында, облыстық білім беру, денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына қарасты ұйымдар мен мекемелерде бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Облыс әкімі аталған аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмысын сын тезіне алып, жағдайды түзеу жөнінде тапсырмалар берді.

– Біздің облысымыздың экономикасы тұрақты даму үстінде. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өңірімізде айлық жалақы 3,5 пайызға өскен. Бірақ еліміз бойынша бұл төмен көрсеткіштердің бірі болып саналады. Сондықтан барлық басшылар бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы тиіс. Келесі жылы өңіріміздің экономикалық белсенді тұрғындарының 60 пайызының, яғни 150 мыңнан астам адамның еңбекақысы өсуі керек. Жағдай барлық жерде бірдей емес. Мәселен, “Қиялы Астық”, “Қызыл жұлдыз Жер”, “Раяна”, “Семеновское Агро”, “Явленское МТС” сияқты бірқатар кәсіпорындарда айлық еңбекақы 25-38 мың теңге мөлшерінде ғана. Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған олар жұмысшыларына лайықты жалақы төлеуі тиіс. Жыл қорытындысы шыққан соң біз мұндай кәсіпорындарға шара қолданатын боламыз. Түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындар жыл соңына дейін жұмысшыларына он үшінші жалақы, сыйлықақы беру мүмкіндігін қарастыруы қажет, – деді облыс әкімі.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының тұтынушылық бағаларының индексі өткен аптада 100,2 пайыз болғанын айтты. Облысымызда көкөніс өнімдеріне бағаны тұрақтандыру үшін қорға 500 тонна картоп, әрқайсысы 100 тоннадан сәбіз, орамжапырақ, пияз сатып алынған. Қазір олар арзан бағамен сатылуда. Тұрақтандыру қорындағы 25 мың литр өсімдік майы нарықтық бағадан 25 пайызға арзан саудалануда. Сол сияқты қант, күріш, қарақұмық, жұмыртқа да арзан бағамен сауда орындарына жеткізілуде. Осындай нүктелерді барлық аудан орталықтарында ашу көзделген. Басқарма басшысының хабарламасына көңілі толмаған өңір басшысы бірқатар аудан әкімдерінің бұл бағыттағы жұмысына сын айтты.

– Тұрақтандыру қорындағы күріштің бір килограмы 213 теңге тұрады. Кәсіпкерлер оған 10 пайыз ғана үстеме қосуына болады. Алайда, жүргізілген мониторингке қарағанда, күріш Аққайың ауданында 280 теңгеден саудалануда. Сол сияқты Мамлют ауданында қант, Шал ақын ауданында өсімдік майы қымбат. Бұл әкімдіктер тарапынан бағаны ырықтандыруға тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Облыс әкімі аппаратының басшысына әр аудан бойынша азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізуді, кінәлі тұлғаларға жаза қолдануды тапсырамын. Бағаны ырықтандыру мәселесіне жұртшылық өкілдерін, депутаттарды, “Нұр Отан” партиясының мүшелерін тарту қажет. Биыл облыс орталығында заманауи қойма кешені пайдалануға берілді. Бұрын қойма болмағандықтан, көкөніс наурыздан бастап қымбаттайтын, енді оның қоры шілде айына дейін жетеді, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров энергия көздері мен коммуналдық төлемдердің бағасын төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Келесі жылдан бастап электр энергиясына, суға, кәріздік жүйелерге, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға, көмірге, пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне, дәрі-дәрмекке баға арзандамақ. Облыс әкімі бұл мәселені күн тәртібінен түсірмеуді тиісті органдардың басшыларына қатаң тапсырды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp