
Өңірімізде полиция департаментінің ұйымдастыруымен “Жолда қабылдау” акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Кезекті шарада ведомство басшысы Марат Төлебаевтың және басқа да жауапты мамандардың қатысуымен 30-дан астам жерде тұрғындарды қабылдау жүргі зілді.
Петропавл қаласының тұрғыны Дарья Шпакова департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа облыс орталығындағы Жуков және Шухов көшесінің арасындағы жол учаскесіне жаяу жүргіншілер белгісін орнатуды ұсынды. Өйткені, облыс орталығының ең ірі сауда үйлерінің бірінің маңайында орналасқан бұл жерде күні-түні көлік пен жаяу жүргіншілердің легі сейілмейді. Полицейлер өтініш келіп түскеннен кейін бірден сол жерге барып, мүмкіндіктерді зерделеді. Бірнеше сағаттан соң мәселе шешімін тауып, жаяу жүргінші белгісі орнатылды.
Сонымен қатар акция аясында полиция департаменті бастығына Петропавл қаласының 19-шы шағынауданына бейнекамера орнату жөнінде өтініш түсті. Марат Төлебаев бұл мәселені өз бақылауына алды. Тұрғындар тілегіне орай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл төртінші мәрте өткізілген акция шеңберінде бұдан да басқа көптеген сұрақтар түсті. Тұрғындармен байланысты нығайту арқылы өзекті мәселелерді шешу үшін онлайн режімдегі қабылдаулар да үздіксіз өтіп тұрады. Полиция департаментінің басшылығы әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы (facebook.com/skodvd; @sqo_pd) жиі-жиі тікелей эфирге шығады. Әлеуметтік желі пайдаланушылары тарапынан әкімшілік және көші-қон, жергілікті полициялардың қызметіне қатысты сұрақтар жиі қойылады.
Акция барысында өткен әлеуметтік желідегі тікелей эфирде полицейлерге 30-дан астам сұрақ келіп түсті. Облыс тұрғынын көлік жүргізу куәлігін алу үшін үш рет емтихан тапсырып, өте алмаған жағдайда қайта тапсыру мерзімі қызықтырды. Әкімшілік полиция қызметкерлері түсіндіргендей, заңнамаға сәйкес алты айдан кейін тағы бір мүмкіндік беріледі екен. Сондай-ақ, жүргізушілер жедел-алдын алу іс-шараларының өткізіліп жатқанына қалай көз жеткізуге болатыны жайлы сұрады. “Мұндай жағдайда жергілікті полиция қызметінің 49-32-47 сенім телефонына немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 102 нөміріне хабарласуға болады”, – деп түсіндірді жергілікті полиция қызметі басқармасының мамандары. Сұрақтардың дені кеңес алу сипатында болғанын да айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша полиция департаментіндегі қауырт желіге мынадай телефон нөмерлері арқылы: 8-777-642-32-97, 61-25-26 хабарласа алады.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті баспасөз
қызметінің бас маманы.