
Республикалық «Жолда қабылдау» акциясына орай Айыртау ауданында жылжымалы полиция пункті құрылып, жол сақшылары тұрғындар сұрақтарына жауап берді.
Шараның негізгі мақсаты азаматтарға құқықтық көмек көрсету, қоғамның ішкі құрылымында саяси белсенділікті дамыту, сонымен қатар халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру, партия мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту болып табылды. Жылжымалы полиция пункті азаматтарды Саумалкөл ауылының «Орталық базар» сауда үйінің жанында, екінші күні орталық аудандық аурухана маңында қабылдады. Мобильді пунктте Айыртау аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Жантілеуов, көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Тұрлыбек Жамалиденов пен әкімшілік полиция өкілдері 50-ден астам ауыл тұрғынына толғандырған сұрақтары бойынша жауап қатты. Олардан түскен өтініштердің басым бөлігі әкімшілік айыппұлдарды төлеуге, көші-қон заңнамасының, жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты болды. Сондай-ақ, аудан тұрғындары көлік құралдарын тіркеу және қайта жабдықтау, жүргізуші куәліктерін беру мәселелері бойынша ақыл-кеңес алды. Барлық сауалдар мен өтініштер арнайы журналда тіркелді. Айта кету керек, олардың басым бөлігі сол жерде шешілді.
Полицейлер бұл күндері «электронды үкімет» порталы арқылы да сұрақтарға жауап берді.