«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДА ҚАЛҒАНДАРҒА КӨМЕК

Соңғы күндері құбылмалы ауа райы жүргізушілерге қолайсыздық тудыруда. Өңір полицейлері облыс жолдарында батып қалған екі алматылыққа көмектесті. Бір жүк көлігі саздан, ал екіншісі боранды күні жол жиегіне түсіп кеткен жерінен шығарылды.

Жезқазған-Петропавл тас жолында кезекшілікте жүрген полиция кіші лейтенанттары Мейрам Қазиев пен Бахтияр Алпысбаев тасжолдан 3 шақырымдай жерде тұрған қызыл түсті жүк көлігін байқайды. 52 жастағы алматылық Тимирязев ауданына ауыл шаруашылығы өнімдерін алып қайту үшін бара жатып, жолда қалған екен. Полиция қызметкерлері Ұзынжар ауылындағы «Қазсушар» республикалық кәсіпорнының «Есіл су» филиалының көмегіне жүгінді. Бұған дейін де көмегін аямаған кәсіпорын басшылығы бұл жолы да техника бөлді. «К-700» тракторының көмегімен көлік трассаға шығарылды.
Ал Қостанай қаласына кетіп бара жатқан екі транзиттік жүк көлігі Жамбыл ауданы аумағында ақ түтек боранға тап болды. Алай-дүлей соққан желдің екпінінен Мамлютка-Қостанай тасжолының 168 шақырымында бір фура жол үстінен шығып кеткен. Жүргізуші 102 арнасына хабарласты. Оқиға орнына полиция капитаны Әміржан Тоққожин мен полиция кіші лейтенанты Ғабит Сәбит мінген патрульдік экипаж келіп, Пресноредуть ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Максим Турновқа хабарласады. Түн ортасы болғанына қарамастан, кәсіпкер жол талғамайтын көлігін мініп, көлікті асфальт үстіне сүйреп шығарды. Тәртіп сақшылары ауа райын ескеріп, алыс сапарға шыққан жүргізушілерді Қостанай облысының шекарасындағы блок-бекетке дейін жеткізіп салды. Жолаушылар жолшыбай таңғы сағат төрт кезінде омбы қарға тап болып, 15 метрдей жерді күрекпен тазалауға мәжбүр болды.
«Карантин кезінде жолдардағы көлік саны азайды. Дегенмен патрульдік полиция қызметкерлері бұрынғыдай жол үстіндегі тәртіпті қамтамасыз етіп, жағдайды бақылайды. Төтенше жағдай кезінде облыс орталығы мен елді мекендерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін жүргізушілерге жол үстінде көмек көрсету маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады», – дейді патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Уәлихан Оразалин.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp