Жол – ел экономикасының күретамыры ғана емес, әр отбасының күнделікті тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты сала. Ауыл мен қаланы, облыс пен орталықты байланыстыратын көлік инфрақұрылымының жай-күйі – бүгінгі таңда халықтың көп көтеретін, өзекті әрі өмірлік маңызы бар мәселелерінің бірі. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары редакциямызға жол сапасына қатысты көптеген сұрақтарын жолдады. Оқырман тарапынан түскен сауалдарға «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Жолдыбай Тентеков жауап берген болатын.
Болат ЖУАСБАЕВ,
Аққайың ауданының тұрғыны:
– Елімізде жол сапасына қандай негізгі стандарттар қолданылады? Олар халықаралық талаптарға сай ма? Ауданаралық және ауыл ішіндегі жолдардың сапасы қалай бақыланады?
– Қазақстанда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатысты нақты техникалық стандарттар бекітілген. Бұл стандарттар жол жабындарының сапасын, құрылыс материалдарының төзімділігін және технологиялық процестердің тәртібін нақты белгілейді. Алайда бұл нормалар тек Қазақстан аумағында ғана қолданылады және шетелдік талаптармен үйлескенімен, толық халықаралық деңгейге жетпеген. Бірақ олар отандық климат пен жол жүктемесі жағдайына бейімделген. Біз тек республикалық немесе облыстық маңызы бар жолдармен шектелмейміз. Ауылішілік, ауданаралық жолдар да тапсырыс бойынша тексеріледі. Бұл жұмыстар тиісті келісімшарттар негізінде жүргізіледі. Яғни, жол сапасын тексеру – келісім негізінде жүзеге асатын қызмет. Ауданаралық және ауылішілік жолдардың сапасы жоспарлы негізде немесе тұрғындардың өтінішімен тексеріледі. Арнайы мамандар жолдан керн үлгісін, тығыздық сынамасын алады және жол бетінің тегістігін, шұңқырлардың тереңдігін, асфальт құрамын зерттейді. Бұл сынақтар заманауи құрылғылармен және зертхана жағдайында жүзеге асырылады.
Үмітжан БАЙҒҰЖИНОВА,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Сапасыз жол салған мердігерлерге қандай жаза қолданылады? Олар жазасыз қала ма? Арнайы «қара тізім» бар ма?
– Бұл – тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың бірі. Себебі ел игілігіне берілген жолдың сапасыз салынуы – тек көлік жүргізушілері үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін қауіпті. Жол- көлік оқиғаларына себеп болуы, көліктердің жиі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Егер мердігер мекеме жол құрылысын жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық талаптарға сай орындамаса немесе құрылысты сапасыз атқарғаны дәлелденсе, онда оған бірнеше әкімшілік және экономикалық шаралар қолданылады. Ақшалай айыппұл салынады, келісімшартты біржақты бұзу, залалды өтеу, «қара тізімге» енгізу сынды шаралар қолданады. Сонымен қатар жол сапасын тексеретін «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» мекемесінің зертханалары арқылы құрылыс жұмыстарының сапасы тұрақты түрде тексеріліп отырады. Қандай да бір сәйкессіздік анықталған жағдайда, бұл туралы жергілікті әкімдікке және тапсырыс беруші органға хабарлама жолданады.
Қайрат АЛИБЕКОВ,
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:
– Ақылы жолдың бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Ал жолдардың сапасы көңілден шықпайды. Бағаның өсуі жолдың сапасына әсер ете ме?
– Азаматтар ақылы жолдардан өткен сайын белгілі бір мөлшерде ақы төлейді. Алайда кей жағдайда төлемақысы артқанымен, жол сапасының бұрынғы күйінде қалуы немесе күтімнің жеткіліксіздігі тұрғындар арасында түсінбеушілік тудырып жатады. Айта кетейік, Қазақстанда ақылы жолдардан жиналатын қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруы қағидатына негізделеді. Яғни бұл қаражат мемлекеттік бюджетке құйылмайды, қайтадан сол жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге және қызмет көрсетуді жақсартуға жұмсалады. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми ақпаратына сәйкес, ақылы жолдардан түскен қаржының 53 пайызы жол жамылғысының бүтіндігін сақтау, шұңқырларды уақытылы жамау, жол жиектерін тегістеу, қар мен мұздан тазарту секілді жұмыстарға жұмсалады. 24 пайызына жол бойындағы инфрақұрылым – демалыс алаңдары, дәретханалар салынады, ақпараттық тақталар, жарықтандыру жүйесі жаңартылады, сондай-ақ бейнебақылау мен байланыс жүйелері орнатылады. 15 пайызы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар мен техникалық қызмет көрсетуші ұйымдардың шығындары. 8 пайызы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Бұл сома аз көрінгенімен, әр жол учаскесіне бөлінген қаражат көлемі жөндеу кестесіне сай жыл сайын нақты нысандарға бағытталады. Бағаның өсуі негізінен жолға кететін шығындардың – жанар-жағармай, құрылыс материалдары, техника мен еңбек ақысының қымбаттауымен байланысты. Алайда бұл жағдай жол сапасы бірден жақсарады деген сөз емес. Сол себепті азаматтар тарапынан «Төлем өсіп жатыр, бірақ сапа неге бұрынғы деңгейде?» деген сұрақ орынды қойылып отыр. Осы мәселені шешу үшін қазір жол саласындағы ашықтық пен есептілік басты талап ретінде қарастырылуда. «ҚазАвтоЖол» жыл сайын қаржының қалай жұмсалғаны туралы есепті өз сайтында жариялайды. Сонымен қатар азаматтық бақылау топтарының қатысуымен қоғамдық мониторинг те енгізіле бастады.
Қанат ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Ақжар ауданының тұрғыны:
– Солтүстік Қазақстан облысында жол сапасына қатысты қандай өзекті түйткілдер бар?
– Біздің өңірде жол сапасына әсер ететін бірнеше маңызды фактор бар. Біріншіден – ауа райы. Солтүстік Қазақстан – табиғаты қатаң, қыс мезгілі ұзақ әрі қарлы аймақ. Көктемде қар еріген кезде және күзгі жауын-шашында жол жамылғысы жиі зақымданады. Мұздың еруі мен судың сіңуі асфальт құрылымына әсер етіп, шұңқырлар мен жарықтардың пайда болуына әкеледі. Екіншіден – қаржыландыру мәселесі. Жыл сайын жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлінеді, алайда ол кейбір учаскелерге жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл жөндеу жұмыстарының кеш басталуына, құрылыс мерзімдерінің созылуына және орындалатын жұмыстың сапасына әсер етеді. Мәселен, бірқатар ауылішілік жолдар мен аудандық маңыздағы жолдар күрделі жөндеуді қажет етеді. Үшіншіден – көлік ағыны. Ауыр жүк көліктері, әсіресе маусымдық тасымал кезінде, жол жамылғысына елеулі зақым келтіреді. Бұл әсіресе облысаралық тас жолдар мен ауыл шаруашылығы техникалары жиі жүретін жол учаскелерінде байқалады. Төртіншіден – қауіпсіздік мәселесі. Кейбір жол учаскелерінде жол белгілері, жарықтандыру және қоршау жүйелері жеткіліксіз. Бұл жол-көлік оқиғаларына себеп. Соңғы уақытта жол апаттары жиілеген кей бағыттарда арнайы сараптамалық тексерістер жүргізіліп, қорытындысында қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту қажет екені анықталды.
Айнагүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,
Тайынша ауданының тұрғыны:
–Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қанша жол учаскесі сараптамадан өтті?
– 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Жол активтері сапасы ұлттық орталығының» облыстық филиалы 750 шақырымнан астам жолды зерттеді. Оның ішінде 130-дан астам жол учаскесінен асфальт жабындысының қалыңдығы, тығыздығы және беткі қабатының жай-күйіне байланысты зертханалық сынамалар алынды. Бұл жұмыстар республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қамтыды. Әсіресе Петропавл қаласы мен оған іргелес орналасқан елді мекендерге, сонымен қатар ауылішілік жолдарға ерекше назар аударылды. Сараптама нәтижелері бойынша анықталған олқылықтар тиісті мердігер ұйымдар мен тапсырыс беруші құрылымдарға жолданып, жөндеу немесе қалпына келтіру жұмыстары бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Динара МҰРАТ,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Жол саласына қажетті мамандар қалай даярланады? Зертхана қызметкерлері мен сарапшылар арнайы оқудан өте ме? Жас мамандарды қолдау немесе тәжірибеден өткізу бағдарламалары бар ма?
– Жол саласы – жоғары дәлдік пен кәсіби білімді қажет ететін сала. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істейтін мамандар арнайы даярлықтан өтуі тиіс. Біздің зертхана қызметкерлері мен инженер-сарапшылар «ҚазжолҒЗИ», «ҚазҚСҒЗИ» сынды профильді мекемелерде, сондай-ақ отандық және шетелдік оқу орталықтарында үнемі біліктілігін арттырып отырады. Оқу курстары құрылыс материалдарын зерттеу, заманауи технологияларды қолдану, халықаралық сапа стандарттарына сәйкестік секілді тақырыптарды қамтиды. Сонымен қатар цифрлық құралдар мен геосканерлермен жұмыс істеу дағдылары да үйретіледі. Жас мамандарға жол ашық. Жоғары оқу орындарымен өзара меморандумдар аясында студенттер бізде өндірістік тәжірибеден өте алады. Үздік студенттерге ұсыныс хат беріліп, болашақта жұмысқа тұруына мүмкіндік жасалады. Бұған қоса филиалда жас мамандарға тәлімгерлік жүйесі енгізілген. Яғни тәжірибелі инженерлер жас кадрларды алғашқы кезеңде қолдап, практикалық дағдыларға баулиды.
Самал ТОҚТАМЫСОВА,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Қыста жолдар дұрыс тазаланбайды. Көктайғақтата апаттар көбейеді. Мұндай жағдайда кім жауапты болады?
– Қыста қар мен көктайғақ дер кезінде тазартылмаса, жол-көлік оқиғаларының саны күрт артады. Мұндай жағдайда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету – жолға қызмет көрсетуші ұйымдардың міндеті. Қыс мезгіліндегі жол күтіміне байланысты жауапкершілік арнайы мердігер мекемелерге жүктелген. Олар әкімдік немесе республикалық органдармен жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Яғни әрбір жол учаскесі нақты бір мекеменің бақылауында болады. Егер жол уақытылы тазаланбаса немесе дұрыс күтім жасалмаса – бұл шарт талаптарының бұзылғаны болып есептеледі. Сонымен қатар көктайғақтың дер кезінде тазартылмауы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алса, бұл міндетті түрде полиция мен тиісті орган тарапынан тексеріледі. Арнайы сараптама мен оқиға орнының актісі негізінде кінәлі тарап анықталады. Егер жүргізуші жылдамдықты асырмаса, көлікті дұрыс басқарған болса және апаттың себебі жолдың күтімсіз күйі екені дәлелденсе – мердігер ұйым кінәлі деп танылып, материалдық шығындарды өтеуге міндеттеледі.
Дайындаған
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».