«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖОЛДЫҢ САПАСЫЗ САЛЫНУЫ – ҚОҒАМ ҮШІН ҚАУІПТІ»

Жол – ел экономикасының күретамыры ғана емес, әр отбасының күнделікті тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты сала. Ауыл мен қаланы, облыс пен орталықты байланыстыратын көлік инфрақұрылымының жай-күйі – бүгінгі таңда халықтың көп көтеретін, өзекті әрі өмірлік маңызы бар мәселелерінің бірі. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары редакциямызға жол сапасына қатысты көптеген сұрақтарын жолдады. Оқырман тарапынан түскен сауалдарға «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Жолдыбай Тентеков жауап берген болатын.

Болат ЖУАСБАЕВ,

Аққайың ауданының тұрғыны:

– Елімізде жол сапасына қандай негізгі стандарттар қолданылады? Олар халықаралық талаптарға сай ма? Ауданаралық және ауыл ішіндегі жолдардың са­пасы қалай бақыланады?

– Қазақстанда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатысты нақты техникалық стандарттар бекітілген. Бұл стандарттар жол жабындарының сапа­сын, құрылыс материалдарының төзімділігін және технологиялық про­цестердің тәртібін нақты белгілейді. Алайда бұл нормалар тек Қазақстан ау­мағында ғана қолданылады және ше­телдік талаптармен үйлескенімен, толық халықаралық деңгейге жетпеген. Бірақ олар отандық климат пен жол жүктемесі жағдайына бейімделген. Біз тек респуб­ликалық немесе облыстық маңызы бар жолдармен шектелмейміз. Ауылішілік, ауданаралық жолдар да тапсырыс бо­йынша тексеріледі. Бұл жұмыстар тиісті келісімшарттар негізінде жүргізіледі. Яғни, жол сапасын тексеру – келісім негізінде жүзеге асатын қызмет. Аудана­ралық және ауылішілік жолдардың сапа­сы жоспарлы негізде немесе тұрғындар­дың өтінішімен тексеріледі. Арнайы ма­мандар жолдан керн үлгісін, тығыздық сынамасын алады және жол бетінің тегістігін, шұңқырлардың тереңдігін, ас­фальт құрамын зерттейді. Бұл сынақтар заманауи құрылғылармен және зертхана жағдайында жүзеге асырылады.

Үмітжан БАЙҒҰЖИНОВА,

Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Сапасыз жол салған мердігерлерге қандай жаза қолданылады? Олар жазасыз қала ма? Арнайы «қара тізім» бар ма?

– Бұл – тұрғындар тарапынан жиі кө­терілетін өзекті сұрақтардың бірі. Себебі ел игілігіне берілген жолдың сапасыз са­лынуы – тек көлік жүргізушілері үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін қауіпті. Жол- көлік оқиғаларына себеп болуы, көлік­тердің жиі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Егер мердігер мекеме жол құрылысын жобалық-сметалық құжаттама мен тех­никалық талаптарға сай орындамаса не­месе құрылысты сапасыз атқарғаны дә­лелденсе, онда оған бірнеше әкімшілік және экономикалық шаралар қолданы­лады. Ақшалай айыппұл салынады, келісімшартты біржақты бұзу, залалды өтеу, «қара тізімге» енгізу сынды шара­лар қолданады. Сонымен қатар жол са­пасын тексеретін «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» мекемесінің зертхана­лары арқылы құрылыс жұмыстарының сапасы тұрақты түрде тексеріліп отыра­ды. Қандай да бір сәйкессіздік анықтал­ған жағдайда, бұл туралы жергілікті әкімдікке және тапсырыс беруші органға хабарлама жолданады.

Қайрат АЛИБЕКОВ,

Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:

– Ақылы жолдың бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Ал жолдардың сапасы көңілден шықпайды. Бағаның өсуі жол­дың сапасына әсер ете ме?

– Азаматтар ақылы жолдардан өткен сайын белгілі бір мөлшерде ақы төлейді. Алайда кей жағдайда төлемақысы артқа­нымен, жол сапасының бұрынғы күйінде қалуы немесе күтімнің жеткіліксіздігі тұр­ғындар арасында түсінбеушілік тудырып жатады. Айта кетейік, Қазақстанда ақылы жолдардан жиналатын қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруы қағидатына негізделеді. Яғни бұл қаражат мемлекеттік бюджетке құйылмайды, қайтадан сол жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге және қызмет көрсетуді жақсартуға жұмсалады. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компа­ниясының ресми ақпаратына сәйкес, ақылы жолдардан түскен қаржының 53 пайызы жол жамылғысының бүтіндігін сақтау, шұңқырларды уақытылы жамау, жол жиектерін тегістеу, қар мен мұздан тазарту секілді жұмыстарға жұмсалады. 24 пайызына жол бойындағы инфрақұры­лым – демалыс алаңдары, дәретханалар салынады, ақпараттық тақталар, жарық­тандыру жүйесі жаңартылады, сондай-ақ бейнебақылау мен байланыс жүйелері ор­натылады. 15 пайызы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар мен техника­лық қызмет көрсетуші ұйымдардың шы­ғындары. 8 пайызы күрделі және ағымда­ғы жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Бұл сома аз көрінгенімен, әр жол учаскесіне бөлінген қаражат көлемі жөндеу кестесіне сай жыл сайын нақты нысандарға бағыт­талады. Бағаның өсуі негізінен жолға ке­тетін шығындардың – жанар-жағармай, құрылыс материалдары, техника мен ең­бек ақысының қымбаттауымен байла­нысты. Алайда бұл жағдай жол сапасы бір­ден жақсарады деген сөз емес. Сол себепті азаматтар тарапынан «Төлем өсіп жатыр, бірақ сапа неге бұрынғы деңгейде?» деген сұрақ орынды қойылып отыр. Осы мәсе­лені шешу үшін қазір жол саласындағы ашықтық пен есептілік басты талап ретін­де қарастырылуда. «ҚазАвтоЖол» жыл сайын қаржының қалай жұмсалғаны ту­ралы есепті өз сайтында жариялайды. Со­нымен қатар азаматтық бақылау топтары­ның қатысуымен қоғамдық мониторинг те енгізіле бастады.

Қанат ЖҰМАБЕКҰЛЫ,

Ақжар ауданының тұрғыны:

– Солтүстік Қазақстан облысында жол сапасына қатысты қандай өзекті түйткілдер бар?

– Біздің өңірде жол сапасына әсер ететін бірнеше маңызды фактор бар. Біріншіден – ауа райы. Солтүстік Қазақстан – табиғаты қатаң, қыс мезгілі ұзақ әрі қарлы аймақ. Көктемде қар еріген кезде және күзгі жауын-шашында жол жамылғысы жиі зақымданады. Мұздың еруі мен судың сіңуі асфальт құрылымы­на әсер етіп, шұңқырлар мен жарықтар­дың пайда болуына әкеледі. Екіншіден – қаржыландыру мәселесі. Жыл сайын жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлі­неді, алайда ол кейбір учаскелерге жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл жөндеу жұ­мыстарының кеш басталуына, құрылыс мерзімдерінің созылуына және орында­латын жұмыстың сапасына әсер етеді. Мәселен, бірқатар ауылішілік жолдар мен аудандық маңыздағы жолдар күрделі жөндеуді қажет етеді. Үшіншіден – көлік ағыны. Ауыр жүк көліктері, әсіресе мау­сымдық тасымал кезінде, жол жамылғы­сына елеулі зақым келтіреді. Бұл әсіресе облысаралық тас жолдар мен ауыл шаруа­шылығы техникалары жиі жүретін жол учаскелерінде байқалады. Төртіншіден – қауіпсіздік мәселесі. Кейбір жол учаске­лерінде жол белгілері, жарықтандыру және қоршау жүйелері жеткіліксіз. Бұл жол-көлік оқиғаларына себеп. Соңғы уа­қытта жол апаттары жиілеген кей бағыт­тарда арнайы сараптамалық тексерістер жүргізіліп, қорытындысында қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту қажет екені анық­талды.

Айнагүл САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

Тайынша ауданының тұрғыны:

–Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қанша жол учаскесі сараптама­дан өтті?

– 2025 жылдың алғашқы жартыжыл­дығында «Жол активтері сапасы ұлттық орталығының» облыстық филиалы 750 шақырымнан астам жолды зерттеді. Оның ішінде 130-дан астам жол учас­кесінен асфальт жабындысының қалың­дығы, тығыздығы және беткі қабатының жай-күйіне байланысты зертханалық сынамалар алынды. Бұл жұмыстар рес­публикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қамтыды. Әсіресе Петропавл қаласы мен оған іргелес ор­наласқан елді мекендерге, сонымен қа­тар ауылішілік жолдарға ерекше назар аударылды. Сараптама нәтижелері бо­йынша анықталған олқылықтар тиісті мердігер ұйымдар мен тапсырыс беруші құрылымдарға жолданып, жөндеу неме­се қалпына келтіру жұмыстары бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Динара МҰРАТ,

Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Жол саласына қажетті мамандар қа­лай даярланады? Зертхана қызметкерлері мен сарапшылар арнайы оқудан өте ме? Жас мамандарды қолдау немесе тәжірибе­ден өткізу бағдарламалары бар ма?

– Жол саласы – жоғары дәлдік пен кәсіби білімді қажет ететін сала. Сондық­тан бұл бағытта жұмыс істейтін мамандар арнайы даярлықтан өтуі тиіс. Біздің зерт­хана қызметкерлері мен инженер-сарап­шылар «ҚазжолҒЗИ», «ҚазҚСҒЗИ» сын­ды профильді мекемелерде, сондай-ақ отандық және шетелдік оқу орталықта­рында үнемі біліктілігін арттырып отыра­ды. Оқу курстары құрылыс материалда­рын зерттеу, заманауи технологияларды қолдану, халықаралық сапа стандартта­рына сәйкестік секілді тақырыптарды қамтиды. Сонымен қатар цифрлық құ­ралдар мен геосканерлермен жұмыс істеу дағдылары да үйретіледі. Жас мамандарға жол ашық. Жоғары оқу орындарымен өзара меморандумдар аясында студенттер бізде өндірістік тәжірибеден өте алады. Үздік студенттерге ұсыныс хат беріліп, болашақта жұмысқа тұруына мүмкіндік жасалады. Бұған қоса филиалда жас ма­мандарға тәлімгерлік жүйесі енгізілген. Яғни тәжірибелі инженерлер жас кадр­ларды алғашқы кезеңде қолдап, практи­калық дағдыларға баулиды.

Самал ТОҚТАМЫСОВА,

Айыртау ауданының тұрғыны:

– Қыста жолдар дұрыс тазаланбайды. Көктайғақтата апаттар көбейеді. Мұндай жағдайда кім жауапты болады?

– Қыста қар мен көктайғақ дер кезінде тазартылмаса, жол-көлік оқиғаларының саны күрт артады. Мұндай жағдайда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету – жолға қызмет көрсетуші ұйымдардың міндеті. Қыс мезгіліндегі жол күтіміне байланысты жауапкершілік арнайы мердігер мекемелерге жүктелген. Олар әкімдік немесе республикалық органдар­мен жасалған келісімшарт негізінде жұ­мыс істейді. Яғни әрбір жол учаскесі нақ­ты бір мекеменің бақылауында болады. Егер жол уақытылы тазаланбаса немесе дұрыс күтім жасалмаса – бұл шарт талап­тарының бұзылғаны болып есептеледі. Сонымен қатар көктайғақтың дер кезінде тазартылмауы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алса, бұл міндетті түрде по­лиция мен тиісті орган тарапынан тек­серіледі. Арнайы сараптама мен оқиға ор­нының актісі негізінде кінәлі тарап анық­талады. Егер жүргізуші жылдамдықты асырмаса, көлікті дұрыс басқарған болса және апаттың себебі жолдың күтімсіз күйі екені дәлелденсе – мердігер ұйым кінәлі деп танылып, материалдық шығындарды өтеуге міндеттеледі.

Дайындаған

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp