
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Петропавлдағы Әскери институты биыл түлектерін он алтыншы мәрте қанат қақтырып отыр. Осыған орай институтта өткен салтанатты шара барысында 170 жас офицерге диплом тапсырылды. Олардың тоғызы – Қырғызстанның, алтауы – Тәжікстан Республикасының азаматтары.
Отан алдындағы жауапкершіліктің жүгін арқалаған жас офицерлердің, олардың ұстаздары мен ата-аналарының, туған-туыстарының басын бір арнаға тоғыстырған жиын барысында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров осынау білім ордасының жеткен жетістіктеріне тоқталып, әр жылдары бітірген түлектердің еліміздің қауіпсіздігін нығайтып, тыныштығын қорғауда абыройлы қызметтер атқарып жүргендерін тілге тиек етті.
Еліміздегі бұл жоғары оқу орны 2009 жылы “Әскери институт” мәртебесін алған болатын. Осы жылдар бедерінде 2900 әскери маман күштік құрылымдарға жолдама алса, олардың 246-сы оқуды үздік тамамдап, бірқатарының есімдері Әскери институттың Құрмет тақтасына жазылды, 44 жас офицер “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісімен марапатталды.
Институтты бітірушілер кешінде сөз алған аға буын өкілдері жастарға өмірден түйген тәжірибелерін айтып, оқуда озаттар қатарынан табылғандарына ризашылықтарын білдірді. Ардагерлер жас офицерлердің қай істе де ержүректілік көрсете білетіндеріне сенім артып, табыс тіледі.
Содан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов оқу орнының басшысы Жұмабек Ахметовке Әскери Туды табыс етті.
Бітірушілер арасында жеті шәкіртке “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі тапсырылды. Олардың қатарында Бахтияр Қайыргелдин де бар.
– Ер-азаматтың арманы мен мұраты Отанды қорғаумен, елге, жерге деген риясыз махаббатпен сабақтасуы қажет деп ойлаймын. Бүгінгі жетістігім – адал еңбегім мен ізденісімнің, тәртібімнің нәтижесі. Оны болашақта елімнің игілігіне жұмсауды басты борышым деп білемін, – дейді жас офицер.
Дипломдар тапсыру рәсімінен кейін жиналғандар концерттік және әскери ойындар бағдарламаларын тамашалады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.