«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ АЗАБЫНАН ҚҰТЫЛАДЫ

Облыс орталығының шеткері жағында орналасқан Заречный кенті тұрғындарының жолдан көрген азабы аз емес. Жылдар бойы жөндеу көрмеген көшелер биылғы көктемдегі су тасқынында мүлдем сұрқынан айрылған болатын. Осы орайда Мамлютка тасжолынан 2-ші Заречная көшесіне дейінгі жолды жөндеу туралы шешім қабылданып, бұл мақсатқа 54 млн. теңге қаржы бөлінген еді.

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов атқарылған жұмыстың нәтижесімен танысты. Бүгінгі таңда “Дорожник Ашық Аспан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2-ші Заречная көшесі мен су торабынан кентке кіретін кірмежолға орташа жөндеу жұмысын қолға алған. Кенттегі осындай оң өзгеріске қуанған тұрғындар өңір басшысына алғыстарын жеткізді.

– Бұл кентте 40 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт ішінде жолдан қиындық көргенімізді жасырмаймыз.

Біздің саяжайлар серіктестігінде 500-дей саяжай бар. Саяжайға келіп-кету қиыншылығы мұндағы жұртшылықтың бас ауруына айналды, – дейді “Искра” саяжайшылар серіктестігінің төрағасы Анатолий Богинский.

Тұрғындармен әңгімелескен өңір басшысы көктемгі су тасқынынан кейін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Тасқынның салдарын жою үшін Үкімет резервінен 1 млрд. 300 млн. теңге қаржы алдық. Үстіміздегі жылы Былғары зауыты шағынауданында бөгет салмақшымыз. Енді аталған шағынауданды ешқашан су баспайтын болады. Ал Заречный кенті бойынша мұндай жұмыстарды атқару қиынырақ. Қыруар қаржы қажет. Сондай-ақ, бұл жерден өтетін республикалық маңыздағы жол жоба бойынша төмен салынған. Ал мына жол көктемгі су тасқынынан кейін езіліп, көлік жүре алмай қалды. Сол себепті, 54 миллион теңге қаржы бөлініп, талай жылға шыдас беретін жол салдық, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ендігі қолға алынар жұмыс – жаяужүргіншілер жолы. Осы орайда өңір басшысы “Дорожник Ашық Аспан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бапкен Мартиросянға жаяужүргіншілер жолын биылдан қалдырмай салуды тапсырып, саяжайшыларға қатысты түйінді мәселелер билік назарында екенін жеткізді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp