«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ АЗАБЫН ТАРТУДА

Таң алакеуімде Тайынша ауданын бетке алдық. Жүйткіген көлігіміз бірер сағаттың ішінде аудан орталығына жеткізді. Түске таман Тихоокеанское ауылына тарттық. “Жол азабын жүрген білер” дегендей, Тайыншадан шыға шұрық-тесік жол басталды.

Аудан мен ауыл арасы тоқсан шақырым. Ойдым-ойдым шұңқырдан берекесі қашқан жұрт сүрлеу жол салған. Зеленый гай ауылы арқылы біз де қара жолға түстік. Жаңбыр жауып, әлгі сүрлеу саз батпаққа айналған. Әйтеуір, ілініп-салынып түс ауа діттеген жерімізге жеттік.
Тихоокеанское ауылында қазір 461 тұрғын түтін түтетуде. Соның 62-сі – зейнеткер. Негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Күнкөріс қамы үшін тұрғындар төрт түлік асырап, оның өнімін ұқсатуда. Бұл округте тұрғындардың алпыс пайызы жұмыспен қамтылған. Округке қарайтын Шұңқыркөл, Алабота ауылдарын қоса алғанда екі мыңға жуық ірі қара болса, ұсақ мал саны да соған шамалас. Округте он шақты фермерлік шаруашылық пен жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Екі қолға бір күрек тапқан тұрғындардың дені шаруашылықтарда еңбек етеді.
Тихоокеанское ауылының ажары солғын тартса да, іргесі сөгілмегеніне қуандық. Қазір мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт, Мәдениет үйі, наубайхана, қазақ орта мектебі жұмыс істейді. Десе де, ауылда күрмеуі қиын мәселе жетіп артылады.
– Бізді жол мәселесі қинап тұр. Қытымыр қыста көретін қиыншылығымызды айтпағанда, көктем, күз айларында жол жүру азап. Әсіресе, жүкті әйелдер мен шұғыл медициналық көмекті қажет еткен науқастарды аудан орталығына жеткізу үлкен мәселе. Шұрық-тесік жол қашан жөнделер екен? – деп жанайқайын жеткізген Айгүл Оралбайдың сөзін қостаған ауыл тұрғындары өзге де мәселелерді жіпке тізгендей жайып салды. Айтуларынша, фельдшерлік-акушерлік пункт болғанымен, шұғыл жағдайда көмек көрсететін дәрігер жоқ. Тіпті, бас ауырып, балтыр сыздаса дәрі-дәрмекті ақшаға табу мұңға айналатынына тұрғындар ренішті.
– Жақында келінім ауырып, оны аудан орталығына жеткізе алмай екі аяғымыз бір етікке тығылды. Амалымыз қалмай, мектепте жұмыс істейтін медбикеге хабарластық. Ауылда “Жедел жәрдем” көлігі де жоқ. Сондықтан әркімнің мазасын алып, көлік іздеп сандаламыз. Көлікті жалдау үшін де 10-15 мың теңге төлейміз. Осындай шалғай ауылдардың мәселесін билік назарға алса екен, – дейді ауыл тұрғыны Қамархан Бәзей. Жолдың нашар болуына байланысты автобус та жүрмейді. Екі жыл бойы аудан, қалаға қатынауда қиындық көріп отырған тұрғындар барлық мәселенің түп-төркінін жолдың жайсыздығымен байланыстырды. Жауын-шашында қара жолмен жүру мүмкін болмаса, Чкалов арқылы айналып, аудан орталығына алты сағат жүретін тұрғындар естір құлақ, сөзді ұғар жан таба алмай отырғандарын айтты. Ауылдың ішкі көшелері де жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімдерінің есеп беру кездесулерінде жол мәселесі талай айтылса да, баяғы жартас сол жартас. Біз Тихоокеанское ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Гүлнәз Серікбаеваға жолығып, мәнжайды сұрадық.
– Аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында бұл мәселе 2019-2020 жылдары шешілуі тиіс екенін айтқан болатын. Жалпы алғанда, ауылымыздың жағдайы жаман емес. “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында 2015 жылы ауыл тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізді. Қазір әрбір үйге су тартылған. Кең жолақты интернет желісі мен байланыс торабы да жұмыс істейді, – деді ол.
Ауылдағы дәрігер тапшылығына қатысты сауалымызға Тайынша аудандық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальский бірер айдың ішінде бұл мәселе де шешімін табатынын айтып, уәде берді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp