Елбасы қойған басты талап – әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына ену. Оның басым қағидаттарын Президент “Қазақстан – 2050” Стратегиясында нақты белгілеп берді. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды әлемнің ең жылдам өсетін экономикалар үштігіне енгізді. Шетелдік инвестициялардың көп көлемін тарта білетін 20 көшбасшы мемлекеттер сапына қосты. Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында елімізде бейбітшілік, саяси тұрақтылық орнығып, қарқынды дамуымызға барлық қолайлы жағдай туғызылған. Осындай жоғары мақсаттарға өз үлесін қосуды мұрат тұтқан Мамлют ауданы тұрғындарының күш-жігері “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауының талаптарын орындауға жұмылдырылған. Осыған орай әлеуметтік мәселелерді шешу, агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, қолжетімді баспана салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, индустриялық-инновациялық даму, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын талдау мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша кешенді шаралардың бәсеңдемегенін, керісінше, ширай түскенін көрсетеді. 2013 жылы қабылданған “Агробизнес – 2020” агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарлама бәсекеге қабілетті, ішкі нарық қажеттіліктерін өтеу, экспорт ресурстарын құрастыру үшін жеткілікті ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың арқасында ауыл шаруашылық құрылымдарын техникалық қайта жарақтандыру, озық агротехниканы енгізу, минералдық тыңайтқыштар мен химиялық қорғану заттарын қолдану деңгейі айтарлықтай жақсарды. Егістік алқаптарының құрылымы әртараптандырылып, майлы және жемазық дақылдарын көптеп егуге бетбұрыс жасалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 1,9 миллиард теңге инвестиция құйылып, агроөнеркәсіп кешеніне 255,6 миллион теңге субсидия бөлінді.
Жоғары сапалы астық өндіруді қалыптастыру көптеген факторларға байланысты екенін жылдағы тәжірибе анық байқатып жүр. Солардың бастыларына жер өңдеу сапасы мен егіншілік мәдениетін жатқызуға болады. Ылғал үнемдеу технологиясы 137,8 мың алқапқа қолданылды. Бүгінгі күні аудан экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі 60 пайызды қамтиды. Азық-түлік өндірумен 30 кәсіпорын айналысады. Негізгі өндірушілердің бірі саналатын Мамлют ұн үгу комбинаты бір жыл ішінде 18 мың тонна ұнды, ақшаға шаққанда 947 миллион теңге тұтынушыларға жеткізді. Мұнда зығырды, рапсты қабылдау, кептіру жұмыстары озық технологиялармен атқарылады.
Агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір буыны мал шаруашылығы екені баршаға аян. Мал шаруашылығын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру малдың барлық түрлерін және бірінші кезектегі азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету мүмкіндігін ұлғайтты. “Сыбаға” бағдарламасы шеңберінде және жеке қаражат есебінен 340 миллион теңгеге 1030 бас әкелінді. Малдың етті тұқымының генетикалық әлеуетін жақсарту мақсатымен “Белое Агро” ЖШС-де 300 басқа шақталған асылтұқымды репродуктор іске қосылды. Америкадан ангус тұқымдас 300 бас ірі қара әкелінді. “Житница” ЖШС асылтұқымды ферма ашу үшін 100 бас ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін сату мөлшері біршама артты.
Елбасы міндеттеген шаралардың бірі шағын және орта бизнесті қолдау, бұл саламен айналысушыларға барынша жағдай жасау болып табылады. Бүгінгі күні ауданда 1076 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олардың бөлшек тауар айналымы үш есе ұлғайып, жергілікті қазынаға 164,4 миллион теңге салық төлемдерін аударды. “Талапкер” ауылдық несие серіктестігі екі жүз миллион теңгенің несиесін үлестірді. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша төрт кәсіпкер 33 миллион теңге несиелік қолдауға ие болды. 2 наубайхана, 4 дүкен, жарма өндіретін, дизельдік жанармай аппаратурасын жөндейтін және 2 ағаш өңдейтін цех ашылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде “Кахолонг Казахстан” ЖШС Мамлютка қаласында 676 миллион теңгенің жемазық зауыты мен май кәсіпорнының құрылысын жүргізуді белгілеп отырғанын айта кеткен жөн.
Жұртшылықты толғандыратын мәселелердің бірі ауызсу жайы десек, қателесе қоймаспыз. 42 елді мекеннің 24-і топтық су құбырларын және 13-і терең скважиналарды пайдаланады. Қалған ауылдарға тіршілік нәрі тасымалмен жеткізіледі. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша да едәуір істер атқарылды. Меңгесер ауылында 243 миллион теңгенің сумен қамту жүйесі жаңартылды. Щучье елді мекенінде жерасты суларын тазарту құрылысы аяқталды.
Ауданда автомобиль жолдары жүйесін жақсартуға тұрақты көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыдан алғанда, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарына басымдық береміз. Бұл салаға 276,8 миллион теңге бағытталса, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге 46 миллион теңге жұмсалды. Воскресеновка-Леденово автожолына – 50 миллион, Мамлютка қаласының ішкі жолдарына 20 миллион теңге нысаналы трансферт бөлінді. Бұдан тысқары Бексейіт және Меңгесер ауылдарының жолдарын қалпына келтіру үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалып, “Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020” бағдарламасына енгізілді.
Елбасы тапсырмаларына сәйкес жұмыспен қамту бағдарламасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарын құруға – 6,8 миллион, жастар тәжірибесіне 3,2 миллион теңге бөлінді. 33 адам жұмысқа орналастырылды. 31 жұмыссыз кәсіптік қайта даярлықтан өтті. Барлығы 530 жаңа жұмыс орындары ұйымдастырылып, 212 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Орташа айлық жалақы мөлшері өскенімен, қазіргі жайы қанағаттандырмайды. Сол себепті оны көбейтудің мүмкіндіктері жан-жақты іздестірілетін болады.
Жолдауда Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмысты күшейту, кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеу, масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу талабы қойылғаны мәлім. Аз қамтылған азаматтарды қолдау мақсатымен 44 отбасыға және 18 жасқа дейін балалары бар 173 отбасыға жәрдемақы төленді. 142 мүгедек жанға арнайы техникалық жабдықтар әперілді. Сауықтыру орталықтарына – 20, санаторлық-курорттық емделуге 37 адам жіберілді. “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” заңды орындау бойынша әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерімен бірлесе отырып, мүгедектер мен қарттарға үйде қол ұшын беру шараларын жалғастыра беретін боламыз.
Жолдауда біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты, “ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар” деп атап көрсетілді. Шынында да, саламатты өмір салтын ұстанған, ақыл-сезімі толысқан, оң-солын таныған, жақсылыққа үйір, қысылшаң сәтте көмек қолын созуға әзір ұрпақ тәрбиелей білсек, ертеңгі ел қорғанына лайық ізбасарлардың көптеп шығары даусыз. Бұл орайда мемлекеттің, жұмыс берушілердің және медицина қызметкерінің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін ұмытпаған ләзім. Медициналық қызметтің басты қағидаттарының бірі спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу, осының бәрі, айналып келгенде, кез келген аурудың алдын алуға негіз салары анық. Ауданда орналасқан орталық ауруханада, 7 фельдшерлік-акушерлік және 27 медициналық пункттерде 24 дәрігер мен 136 мейірбике еңбек етеді. Уақытында диагностикалау және алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Бұл өлім деңгейін – 3,5, туберкулезді 19,5 пайызға төмендетуді қамтамасыз етті. Балалар мен жасөспірімдер арасында обыр кеселімен ауыратындар тіркелген жоқ. Тұтастай алғанда, денсаулық сақтау ұйымдарын ұстауға 418 миллион теңге бөлініп, қаржыландыру мөлшері артып келеді. Елбасының халықтың 30 пайызын спортпен айналысуға тарту жөніндегі талабы ұдайы назарымызда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыздың “Үміт” облыстық спартакиадасында төрт жыл қатарынан бірінші орынды иеленіп жүргенін айтсақ та жеткілікті. Білім беру, мәдениет салаларында да табыстар жоқ емес.
Еліміз әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың жаңа белесіне аяқ басты. Алдымызда ұлан-ғайыр міндеттер және бір ғана таңдау тұр. Ол – қуатты да гүлденген Қазақстанға қызмет ету.
Владимир БУБЕНКО,
Мамлют ауданының әкімі.