
Облыстық полиция департаменті жанындағы консультациялық-кеңесші органның отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Григорий Тыштың айтуынша, өткен жылы облыс жолдарында 70 мыңнан астам жолда жүру ережесін бұзушылық анықталып, 269 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұған негізінен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі себеп. Көлік жүргізушілері тарапынан жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету, мас күйде көлік жүргізу, рөлде келе жатып телефонмен сөйлесу сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Республикалық маңызы бар автожолдарда жылдамдық режіміне бақылау жасау үшін 5 жылдамдық өлшегіш құрал орнатылды.
Департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев атап өткендей, патрульдік машиналарға орнатылған жаңа жүйе полицияның жұмысына көп көмегін тигізуде. Шолу камералары құқық бұзушылықтарды анықтауға және тәртіп сақшыларының өз арасында сыбайластықтың алдын алуда таптырмас тетік болып табылады.
Былтыр полицейлер 1400-ден астам тексеріс жүргізді. Оның нәтижесінде автожолдарды, техникалық құралдарды тиісінше күтіп-ұстамағаны үшін 151 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал биыл 25 хаттама толтырылды.
Консультаңиялық-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі әлеуметтік роликті жиналғандар назарына ұсынып, жергілікті атқарушы органдарға барлық жаяу жүргінші өткелдерін түнде жарықтандыру қажет деген ұсыныс жасады. Сонымен қатар, құқық бұзатын жаяу жүргіншілерді анықтау бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап айтты. Өткен жылы ресми мәліметтер бойынша белгіленбеген жерлерден жолды кесіп өтудің 6 мыңнан астам фактісі анықталған. Ал шын мәнісінде олардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.