«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ АПАТЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

Үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде облыс жолдарында 134 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апат салдарынан 20 адам қайтыс болды, 169-ы жарақат алған. Республикалық маңызы бар жол бойларында да осындай келеңсіздіктер азаймай тұр. Биылдың өзінде 27 жол-көлік оқиғасынан 6 адам көз жұмып, 37-сі түрлі дәрежеде жарақаттанған. Жергілікті маңызы бар жолдарда да жүргізушілердің жауапсыздығынан жыл басынан бері 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, қайғылы жағдайдан 3 адам мерт болды, 23 адам аурухана төсегіне таңылды.

Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы жаңа оқу жылы қарсаңында бұл бағыттағы алдын алу жұмыстарын тіпті күшейтпек. Осындай мақсатпен облысымыздың тәртіп сақшылары «Қазавтожол» мекемесімен және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірге акция өткізді. Шара қатысушылары «Челябі-Новосібір» республикалық тас жолын таңдады. Себебі, бұл – көлік көп жүретін учаскелердің бірі.  

Полицейлерге Петропавл қаласындағы №23 мектептің оқушылары қолғабыс тигізді, олар жүргізушілерге «Жүргізуші, жылдамдықты сақта!», «Жылдамдықты азайт!», тағы басқа ескертулер жазылған бүктемелер мен үнпарақтар үлестірді. Ал инспекторлар “темір тұлпар” тізгіндегендермен, әсіресе, транзиттік жүргізушілермен жол қауіпсіздігі ережелерін тағы бір мәрте пысықтады.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық ішкі істер департаменті

баспасөз қызметінің жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp