
Нұрсұлтан Ақпаев Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-гимназияны бітірген соң жүрек қалауымен мұғалімдік мамандықты таңдайды.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің информатика бөліміне оқуға түсіп, ойдағыдай тамамдаған ол қолына білімі туралы құжатын аларда көп ойланбастан ауыл мектебіне барамын деп түйген. “Қазір сол шешімімнің дұрыс болғанына күмәнданбаймын. Биыл үшінші жыл информатика пәнінен сабақ беремін. Балалардың ақпараттық технологияға, оның жаңашылдықтарына қызығушылығы зор”, – деген Нұрсұлтан Ерқасымұлы өзінің мамандығын жаңылмай тапқанына сенімді.
Ол Ыбыраев ауылындағы орта мектепте ұстаздық еткен аз уақыттың ішінде шәкірттерімен де, әріптестерімен де тіл табысқан. Оқушы кезінен өзі ғылыми жобалар сайысына қатысып, шыңдалған Нұрсұлтан Ерқасымұлы бүгінде ақпараттық технологияларды пайдаланып, балалардың білімін жетілдіруді алдына мақсат етіп қойған. “Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, “Білсем, үйренсем, көрсем” деген баланың барлық сұрақтарына тосылмай жауап беру үшін ол өзі де көп ізденеді. Оқушыларының әрқайсысының талаптары да, білімді қабылдау деңгейлері де, қызығушылықтары мен қарым-қабілеттері де әртүрлі екенін байқаған жас маман шәкірттерінің әрбірін жеке тұлға ретінде қабылдайды. Сан қилы мамандық иелерінің ішкі жан дүниесіне үңіле білуді көздейді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Шал ақын ауданы.