«Жолдың жайын жолаушы біледі» демекші, алыс-жақын жолға шыққанда даладан да қолайлы жағдай іздейміз. Бұл қалауымыз орынды. Өркениетті ел боламыз десек, қайда жүрсек те табиғи қажеттіліктерімізді қанағаттандыратын сервистік жағдай жасалуы керек. Осы мәселенің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жос-пар бар, жүзеге асыру тетіктері нақтыланған. Дегенмен ойдағы істің өнбей тұрғанына жолға шыққанда көз жеткізесің.
Жол бойындағы сервис нысандары қандай болу керектігі арнайы бекітілген ұлттық стандартта толық сипатталған. Мәселен, «А» санатындағы нысандар жолды пайдаланушылардың қызмет көрсету түрлерін қамтитын және бірыңғай аумақта орналасқан жол сервисінің көпфункционалды кешені болып табылады. Яғни кешеннің құрамында жанар-жағармай құю стансасы, 25 нөмірден кем емес мотель, жайлы дәретхана, қоғамдық душ кабиналары, бөлшек сауда пункті, 40 орыннан кем емес қоғамдық тамақтану орны, ТҚС, көлік жуу, автобустарға, жеңіл автомобильдерге, жүк автомобильдеріне арналған тұрақ, сонымен қатар күзетілетін тұрақ, пикник аймағы, сауда және ойын-сауық аймағы, медициналық көмек пункті болуы керек. «В» санатындағы жол сервисі нысандары да жоғарыдағыдай жайлы жағдай жасауға тиіс. Ал «С» жол сервисінің нысандары қысқа мерзімді демалысқа және жолды пайдаланушылардың ең керекті қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Онда жайлы дәретхана, бөлшек сауда пункті, 40 орыннан кем емес қоғамдық тамақтану орны, автобустарға, жеңіл автомобильдерге, жүк автомобильдеріне арналған тұрақ, пикник аймағы болады. «D» жол сервисінің нысандары қысқа мерзімді демалысқа және жолды пайдаланушылардың ең керекті қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Яғни онда жанар-жағармай құю стансасы, жайлы дәретхана және бөлшек сауда пункті жұмыс істеп тұруға тиіс.
Бүгінгі таңда өңіріміздің республикалық маңыздағы жолдарында 93 жол бойындағы сервис нысаны орналасқан. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бұл нысандардың 77-сі ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Оның ішінде 46-сы «С», 31-і «Д» санатына жатады.
Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы автожолдардың бойында 6 санитарлық-гигиеналық торап, жалпақ тілмен айтқанда дәретхана жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі жолдарды күтіп ұстау аясында, қалғандары күрделі жөндеу жұмыстары кезінде орнатылған. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 44 демалыс аймағы орналасқан. Бүгінде кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық тудырар деген үмітпен тағы 7 әлеуетті демалыс алаңы дайындалған.
Біздің өңірде дәретхана жайы – жол бойы түгілі туристік аймақтарда да ушығып тұрған мәселе. Өткен жылы Имантау-Шалқар курорттық аймағында демалыс базаларының иелері 9 санитарлық-гигиеналық торап орнатса, тағы үшеуінде аталмыш жұмыс жалғасып жатыр. Алдағы уақытта Айыртау ауданында тағы бірнеше елді мекендер мен демалыс орындарында санитарлық-гигиеналық торап орнатылмақ. Сондай-ақ ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 дәретхана салу жоспарланып отыр.
Есіл ауданындағы Николаевка ауылының іргесінде, тас жолдың бойында жолаушыларға «Халықова» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсетуде. Кәсіпкердің дәмхана, техникалық қызмет көрсету стансасы, моншасы мен қонақүйі бар.
– Алғашқы кәсібімізді ашар кезде қай бағытта жұмыс істесек деген сауал туындады. Ойлана келе жол бойындағы сервистік қызмет көрсету бағытында кәсіп ашайық деген байламға келдік. Себебі ол кезде Сергеевка қаласына дейінгі жолдың бойында ешқандай сервистік нысан болған жоқ, – дейді «Халықова» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сандуғаш Халықова.
Осы ниетпен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3 миллион теңге рәсімдеп, кәсібін бастаған кәсіпкер қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта бизнесін кеңейтіп қана қоймай, жол бойындағы сервистің сапасын арттыруды да көздеп отыр. Соның бірі – жайлы дәретхана. Кәсіпкердің айтуынша, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сервистік нысанның жанынан жылы дәретхана салып береміз деген.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылдан бері туризмді қолдау шаралары қолға алынған. Мәселен, туристік объектілерді салу немесе қайта қалпына келтіру кезіндегі шығындардың 10 пайызы, жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындардың 10 пайызы, туравтобустарды сатып алу құнының 25 пайызы өтелінеді. Ал санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарды субсидиялау 83 300 теңге мөлшерінде бекітілген.
– Өтінімдерді қарау жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың, бизнес субъектілердің өкілдері кіреді. Олар кәсіпкерлік субъектілеріне шығындардың бір бөлігін өтеу немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Өтінімдер олардың түсуіне қарай қаралады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.
Туристік бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2023 жылы жалпы сомасы 20,8 млн. теңгеге туристік объектілерді салуға (қайта қалпына келтіруге) арналған шығындардың бір бөлігін өтеуге екі өтінім мақұлданған. Осының нәтижесінде Айыртау ауданындағы «Рандеву» қонақүйін кеңейтуге – 4,9 млн. теңге, Петропавл қаласындағы «Скиф» қонақүйінің 4,5 қабатын жаңартуға 15,9 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау шығындарының бір бөлігін өтеуге 4 өтінім түскен. Бизнес субъектілеріне шамамен 1 999, 2 мың теңге өтелді. Ал өткен жылы бизнес субъектілерінен бірде бір өтінім түспеген. Бұл кәсіпкерлер тарапынан әлі де жол бойындағы сервисті дамытуға қызығушылық жоқ дегенді білдіреді. Себебі айдаладағы «ақ отаудың» пайдасынан гөрі шығыны басым.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».