“Мас жүргізуші” жедел-алдын алу шарасы өткізілген 3 күннің ішінде көлікті “ащы судан” татып алып басқарған 70 жүргізуші ұсталды. “Өткізіліп жатқан рейдтік шаралардың мақсаты – жол-көлік оқиғасын тудыратын өрескел бұзушылықты анықтау мен оның алдын алу, – дейді облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Едіресов.
Петропавлда жексенбі күні кешкі сағат 23.00-де жол-патруль полицейлері көлікті мас күйде басқарған облыс орталығының 24 жастағы тұрғынын ұстады. Анықталғандай, “Toyota Land Cruiser” көлігінің жүргізушісі рульге мас күйде бұрын да отырып, өткен жылдың тамыз айында жүргізуші куәлігінен айрылған екен. Ұсталған жігітке әкімшілік хаттама толтырылып, оған қатысты шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберілді.
Жедел-алдын алу шарасының алғашқы екі күнінде облыста жол жүру ережесін бұзудың 900-ден астам фактісі анықталды. 133 жүргізуші жылдамдықты арттырса, 182-сі қауіпсіздік белдігін тақпаған, 160-ы көлік басқарып келе жатып ұялы телефонмен сөйлескен. Сондай-ақ, ереже бұзушылардың арасында белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен 132 жаяу жүргінші де бар.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.