«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗУ АЗАЙҒАН

Үстіміздегі жылдың басынан бері Петропавл қаласындағы интеллектуалды бақылау жүйесі камераларының көмегімен жолда жүру ережесін бұзудың 1700 фактісі тіркеліп, көлік иелеріне 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Облыс орталығындағы көліктер көп жүретін көшелерде орнатылған елуден астам бейнекамера заң бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға да септігін тигізуде. “Жолда қабылдау” республикалық акциясы барысында облыстық полиция департаменті мамандары журналистерді “ақылды” көше қиылыстары мен ондағы бейнекамералар тіркеген ақпараттарды қорытатын процестік және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметтерімен таныстырды.
Бүгіндері Петропавлда интеллектуалды бақылау жүйесі орнатылған 14 қиылыс бар. Оның үшеуі – соңғы жылдары орнатылған заманауи жүйелер. Бейнекамералар жылдамдықты асырып, жүруге тыйым салатын белгілерді елемеген көлік жүргізушілерін қалт жібермей, санаулы секунд ішінде тіркеген ақпаратты процестік орталыққа жөнелтеді. Ондағы мамандар автокөліктің маркасын, нөмірін, ережені бұзған уақыты мен жүрген жылдамдығы жайлы мәліметтердің бәрін көріп отырады. Сөйтіп, түскен ақпаратты қорытып, көліктің иесіне айыппұл хаттамасын жібереді. Жүргізушілер мойнында айыппұлы барын пошташылар жеткізген ескерту қағазынан, не болмаса sms-хабарлама арқылы біледі. Мұнымен қоса, кез келген адамның процестік орталықтың 61-25-47 телефон нөміріне хабарласып, мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы әкімшілік айыппұлдарының бар-жоғы жөнінде ақпарат алуына болады.
– Өткен жылдан бастап әкімшілік айыппұлды жеті күн ішінде төлеген адамға 50 пайыздық жеңілдік жасалатын болды. Бұл салынған айыппұлдардың уақтылы төленуіне біршама әсер етті. Ал ескерту хаттамасы қолына тисе де, қарызынан құтылуға асықпайтындардың ісі сот орындаушыларына тапсырылады, – дейді әкімшілік тәжірибе бөлімі бастығының орынбасары Индира Ақпамбетова.
Орталық іске қосылған алғашқы жылдармен салыстырғанда, қазір мамандар өңдейтін материалдар көлемі азайған. Өйткені, жүргізушілер бейнекамералар орнатылған жерлерде ереже бойынша жүруге тырысады. Дегенмен, “ақылды” қиылыстарда білместіктен ереже бұзып, мойнына айыппұл артып алатындар да аз емес.
– Жүргізушілер қиылыстардағы “тоқтау сызығы” белгісіне жетпей тоқтауы керек. Бағдаршамның жүруге тыйым салу белгілерін елемей, өтіп кеткендер де құқық бұзушылық жасады деп есептеледі, – дейді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Дмитрий Лахтиков.
Өткен жылы Петропавл жолдарындағы камералардың көмегімен 16 қылмыс ашылған екен. Бейнекамералар жазбаларында жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен 34 автокөліктің нөмірі тіркеліп қалған.
Бүгінгі таңда көлікті тіркеу және көлік жүргізу куәлігін алу процестері де барынша жеңілдеген. Тұрғындар сатып алған көлігін тіркеуге қою үшін кабинеттен-кабинетке жүгірмей, бір ғимарат ішінде айналдырған екі сағатта қажетті құжаттарын жасап алады. Өңіріміздегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жылдың алғашқы тоқсанында көліктерді тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру бойынша 21395 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам мемлекеттік тіркеу нөмірі берілген. Тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сергей Гизбрехттің айтуынша, соңғы уақытта көлігіне “сәнді” нөмірлерді таққысы келетіндер қатары едәуір артқан. Солтүстікқазақстандықтар арасында, әсіресе, 140 мың теңге тұратын нөмірлер сұранысқа ие екен. Сатылымға қойылғандардың ішіндегі ең арзаны болса да, олар бюджетке әжептәуір пайда әкелуде.
Соңғы кездері жүргізушілер арасында электронды форматта қызмет алушылар қатары артқан. Биыл, мәселен, 900-ге жуық мемлекеттік қызмет қашықтықтан көрсетіліпті.
– Бүгіндері қазақстандықтардың автомектептерде оқымай-ақ, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру мүмкіндігі бар. Биыл өңірімізде осындай отыз адам емтихан тапсырды. Алайда, оның оны ғана қолдарына құжаттарын ала алды, – дейді облыстық полиция департаментінің мемлекеттік инспекторы Алтынбек Жамалиев. Емтиханнан өте алмағандар үшін арасы бір аптаны құрайтын үш мүмкіндік беріледі. Одан сүрінгендер жарты жылға дейін емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылады.
“Жолда қабылдау” екікүндік акциясының нәтижесі көрсеткендей, тұрғындарға негізінен айыппұлдарды төлеуге, көші-қонды рәсімдеуге және қайта жабдықталған көліктерді тіркеуге, азаматтық қару-жарақтарды сақтауға қатысты құқықтық кеңестер берілген. Өткен жұма күні “Южный” бақылау-өткізу бекетінде жүргізушілер өздерін жиі мазалайтын сауалдарын облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев пен басқарма жетекшілеріне қою мүмкіндігіне ие болды. Ашық аспан астындағы қабылдауға депутаттар мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі облыстық департаментінің қызметшілері де қатысып, жүргізушілердің көлік пен жол қозғалысына қатысты және басқа да өтініштерін тыңдады.
Петропавл қаласында акцияның екінші күні “City Mall” сауда-ойын-сауық кешенінде өтті. Тәртіп сақшылары тұрғындарға ауызша кеңес беріп қана қоймай, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен көші-қон тәртібі туралы кітапшалар таратты. Полицейлер мен жүргізушілер арасындағы диалог екі тарапқа да ортақ мәселерді анықтап шешуге септігін тигізді.

 

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp