«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ЖӘНЕ СУ – ЖАНҒА БАТАТЫН МӘСЕЛЕЛЕР

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко Мамлют және Жамбыл аудандарында болып, аудан әкімдері Ерболат Бекшенов пен Иван Турковтың тұрғындар алдындағы есепті кездесулеріне қатысты.

Мамлют санаторийлік мектеп-интернатының негізі осыдан жарты ғасыр бұрын қаланған. 400 орынға шақталған білім ошағында бүгіндері 317 оқушы білім алуда.

Владимир Бубенко, ең алдымен, аталмыш нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты. Мұнда 64 педагог балаларды білім нәрімен сусындатып жүр. Білім ошағы тәрбиеленушілерінің спорттағы жетістіктері де айтарлықтай. Әсіресе, еркін күрес жақсы дамыған. Қазіргі күні 40 бала спорттың осы түріне ден қойған. Владимир Бубенко жеткіншектерге Ерік Сұлтановтың атынан спорт залына төсейтін кілем тарту етті.

Мамлют аудандық ауруханасы да Владимир Степановичтің назарынан тыс қалмады. Қазір емдеу мекемесінде 21 дәрігер мен 130-дан астам медбике басы аурып, балтыры сыздаған тұрғындарға тиісті медициналық көмек көрсетуде. Бұдан соң өңір басшысының орынбасары аудан әкімі Ерболат Бекшеновтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуіне қатысты.

Жиырма мыңға жуық тұрғыны бар ауданда былтыр өндіріс көлемі 4,9 пайызға артып, 1,6 млрд. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы саласында да мамлюттіктер біраз іс тындырған. 2014 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 870 бас ірі қара әкелінді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Мамлютка қаласында 7 үй тұрғызылған.

– Ауызсу мәселесі өзекті. Аудандағы 42 ауылдың 25-і суды магистральді су құбырынан тұтынады. 12 ауыл құдық суын пайдаланып отыр. Қалғандарына су тасымалданады. Қазіргі таңда ауданды сапалы ауызсумен қамту 92 пайызға жетті, – деді өз есебінде аудан әкімі.

Ауданда жол мәселесі де өзекті. – Становое мен Раздольное ауылдарын жалғайтын жол ойдым-ойдым, жүруге жарамсыз болып қалған.

Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе биыл шешілетіндігін тілге тиек етті. Тұрғындар Мамлютка қаласындағы балабақшаның шатырын алмастыру, қоғамдық көлік қатынасын жолға қою туралы сауалдарын ортаға салды.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы көлемі ең төмендердің қатарында. Сіздерде мал басы да кемігендігі байқалуда. Бұл – аудан басшылығының жіберген олқылығы. Сондықтан барлық шаралар бойынша жұмыс жоспарын қолға алып, істі бастау қажет, – деді кездесуді қорытындылаған Владимир Бубенко.

Жамбыл ауданындағы жұмыс сапарын облыс әкімінің орынбасары №2 Преснов орта мектебі жанындағы интернаттан бастады. Нысан 1999 жылы пайдалануға берілген. Мұнда шалғайдағы 11 ауылдың 60 оқушысы тұрып жатыр. Оларға Владимир Бубенко өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан теледидар сыйлады.

Аудандық аурухана жұмысымен танысқаннан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан орталығындағы стадионға соғып, ойын балаларына 10 коньки мен 10 хоккей таяқшасын табыстады. Бұл да облыс әкімінің сыйлығы.

Бұдан соң Владимир Бубенко Жамбыл ауданының әкімі Иван Турковтың тұрғындар алдындағы есепті жиынына қатысты. Өткен жылғы кездесуде жергілікті тұрғындардан аудан басшысына 49 өтініш түскен. Осы уақытқа дейін оның 11-і шешіліпті.

– Шаруалар машина-трактор паркін жаңартып жатыр. Өткен жылы ауданға ауыл шаруашылығына қажетті 89 техника сатып алынды. Сондай-ақ, ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлер 1230 бас ірі қара сатып алды. Былтыр 300 бас ірі қараға арналған асылтұқымды репродуктор орталығы ашылды. Биыл тағы біреуін ашу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Былтыр Жамбыл ауданының диқандары көктемгі егіс жұмыстары барысында “Бахыт Ойл” ЖШС кесірінен шығынға батыпты.

– Біз дизельдік отынға қажетті қаражаттың 100 пайызын “Бахыт Ойлға” төледік. Бірақ әлі күнге дейін жауап та, бізге тиесілі жанар-жағармайымыз да жоқ. Олар мені ғана емес, біраз шаруаларды алдап кетті, – деді “Лада” шаруа қожалығының басшысы Иван Волков.

– “Бахыт Ойл” компаниясы басшылығының құйтырқы әрекеттері жайлы шаруалардан түскен арыз-шағым көп. Біз бұл істі қатаң бақылауға алып, қазір мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді Владимир Бубенко.

Жамбыл ауданында өзекті мәселелердің бірі – ауызсу. Бүгінде 53 елді мекеннің 37-сі ғана Преснов топтық су құбырына қосылған. Жол жағдайы да сын көтермейді.

Бұл ретте Иван Турков былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар Пресновка – Бауман станциясы аралығындағы 27,6 км. автожолды орташа жөндеуден өткізу үшін 99,4 миллион теңге бөлініп, игерілді деп баян етті. Алайда, тұрғындар бұл жұмыс небары 50 пайызға ғана орындалғандығын алға тартты.

Аудандық аурухана невропатолог, психиатр секілді 4 дәрігерге мұқтаж болса, білім саласында да түйіні тарқамаған мәселелер бар. Ол мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге қатысты.

Мағжан АХМАДИНА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp