«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР

Соңғы үш жылда өңір жолдарын жөндеуге түрлі бағдарламалар бойынша 76 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1900 шақырым жол жөнделген. Ал “Нұрлы жол” бағдарламасының аясында келмеске кеткен кеңес үкіметі кезінен бері жөндеу көрмеген жолдар қалпына келтірілген. Осының арқасында әбден тозығы жеткен өңір жолдарының 65 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетеді деген үміт бар. 

– 2017-2019 жылдар аралығында 108 мың тұрғыны бар 214 елді мекенді басып өтетін жолдар жөнделді. Келер жылдан бастап тағы 116 елді мекенді қамтитын жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев.

Жалпақ санның астарында мердігерлердің жауапкершілігі, олар жөндеген жолдың сапасы, тиісті органдар тарапынан бақылаудың нашар болуы қылаң береді. Мәселен, “KAZ FORTIS” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жолды жөндеуге бөлінген қаржының 61 миллион теңгесін игермеген. Тендерлерге қатысып, конкурсты ұтқанымен, жоспарлы жұмыстың жүйесін бұзатын мұндай мердігерлерге қаталдық таныту қажет. Егер осыған дейін жұмыс істелмеген әр күн үшін келісім сомасының 0,1 пайызын төлеп келсе, өңір басшысы Құмар Іргебайұлы алдағы уақытта бұл айыппұл көлемін бір пайызға жеткізу қажеттігін айтты. Себебі, қалтасының қағылғаны шамбайына батқан мердігер екінші мәрте жауапсыздық танытпасы анық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp