Өңірге жұмыс сапарымен көлік вице-министрі Талғат Ластаев келді. Вице-министр өз сапарын облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ лицейден бастады. Мұнда елордалық мейман мұғалімдермен және мектеп оқушыларымен кездесіп, көлік саласындағы жаңа мамандықтар, логистикада табысқа жету мүмкіндіктері туралы айтты.
Орталық Азия, Қытай, Ресей мен Еуропаның ортасында орналасқан Қазақстан үшін логистиканы дамыту маңызды. Одан бөлек, Каспий теңізінде кеме жолын жетілдіру де қолға алынған. Соңғы жылдары елімізде ақылды жолдарды жоспарлаушы, жол салушы оператор, жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдысы бар прораб, экологиялық құрылыс материалдарын шығару инженері, қашықтан басқару, сандық логист, эко логист сияқты жаңа мамандықтар пайда болған.
Кездесуге келген «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы тасымал-ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Елнұр Бейсембаев жастарға тасымал саласында табысқа жетуге мүмкіндік бар екенін айтты.
– Темір жол саласы жыл сайын дамып келеді. Мұнда көптеген бағыттар бар. Сондықтан да жұмыс іздеген адам өзіне қолайлы қызмет табары анық. Компаниямызда жастарға қолдау көрсетіледі. Еңбек ететіндердің арасында байқау ұйымдастырылып, әр ай сайын 100 үздік жас марапатқа ие болуда. Еңбегімен көзге түскендерге оқытудан өтіп, компанияда басшылық қызмет атқаруға жол ашық. Бүгінде біздің компанияда 200 мыңнан астам адам еңбек етуде, – дейді компания өкілі.
Кездесуде темір жолмен қатар басқа сала мамандары да сөз сөйлеп, оқушыларға өз мамандықтарының артықшылықтары туралы айтып берді.
Мектепте өткен шарадан кейін Талғат Ластаев өңір тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
– Біз Солтүстік Қазақстанда көлік саласының дамуына ерекше назар аударып отырмыз. Бүгінгі сапар аясында өңірде бар мәселелермен танысып, олардың оң шешілуіне атсалысқымыз келеді. Бұл кездесуде қойылған сұрақтар мен айтылған ұсыныстарды алдағы жұмысымызда басшылыққа алатын боламыз, – деді вице-министр.
Кездесуде «Стройдорсервис» серіктестігінің директоры Геворг Карапетян жол құрылысын жоспарлау жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтінін айтты. Серіктестік басшысының сөзінше, мемлекеттік сатып алу туралы заң өзгергеннен кейін жол салатын техникаға қойылатын талаптар көбейіп кеткен. Жеңіл көліктерге арналған жолдармен салмағы ауыр техникалардың жүруі жиі орын алады. Ауыр көлік бүлдірген жолды жөндеу мердігерге жүктеледі. Құрылыс, жөндеу жұмыстарын жоспарлайтындар да өңірдің климаттық, жер бедері ерекшеліктерін ескере бермейді. Жобаның әу баста дұрыс жоспарланбағанына қарамастан соңында мердігер кінәлі болып шығады.
Осы мәселеге қатысты пікір білдірген министрлік өкілі техникаға байланысты талаптардың күшеюі тапсырыс берушілердің өтінішінен кейін енгізілгенін айтты. Өйткені көптеген мердігерлер жұмысқа қолда бар техникаларын жұмылдырмайтын көрінеді. Ал жобалауға келсек, бұрын онда материалдардың қай жерден алынатыны нақты жазылатын. Жаңа заңға сай енді мердігер оған өз еркімен өзгеріс енгізе алады.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.