«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ МАМАНДАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Өңірге жұмыс сапарымен көлік вице-министрі Талғат Ластаев келді. Вице-министр өз сапарын облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ лицейден бастады. Мұнда елордалық мейман мұғалімдермен және мектеп оқушыларымен кездесіп, көлік саласындағы жаңа мамандықтар, логистикада табысқа жету мүмкіндіктері туралы айтты.

Орталық Азия, Қытай, Ресей мен Еуропаның орта­сында орналасқан Қазақстан үшін логистиканы дамыту маңызды. Одан бөлек, Каспий теңізінде кеме жолын жетілдіру де қолға алынған. Соңғы жылдары елімізде ақылды жолдарды жоспарлаушы, жол салушы оператор, жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдысы бар про­раб, экологиялық құрылыс материалдарын шығару ин­женері, қашықтан басқару, сандық логист, эко логист сияқты жаңа мамандықтар пайда болған.

Кездесуге келген «Қазақстан темір жолы» акцио­нерлік қоғамы тасымал-ұйымдастыру бөлімі басшысы­ның орынбасары Елнұр Бейсембаев жастарға тасымал саласында табысқа жетуге мүмкіндік бар екенін айтты.

– Темір жол саласы жыл сайын дамып келеді. Мұнда көптеген бағыттар бар. Сондықтан да жұмыс іздеген адам өзіне қолайлы қызмет табары анық. Компаниямызда жастарға қолдау көрсетіледі. Еңбек ететіндердің арасын­да байқау ұйымдастырылып, әр ай сайын 100 үздік жас марапатқа ие болуда. Еңбегімен көзге түскендерге оқы­тудан өтіп, компанияда басшылық қызмет атқаруға жол ашық. Бүгінде біздің компанияда 200 мыңнан астам адам еңбек етуде, – дейді компания өкілі.

Кездесуде темір жолмен қатар басқа сала мамандары да сөз сөйлеп, оқушыларға өз мамандықтарының артық­шылықтары туралы айтып берді.

Мектепте өткен шарадан кейін Талғат Ластаев өңір тұр­ғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

– Біз Солтүстік Қазақстанда көлік саласының дамуы­на ерекше назар аударып отырмыз. Бүгінгі сапар аясында өңірде бар мәселелермен танысып, олардың оң шешілуі­не атсалысқымыз келеді. Бұл кездесуде қойылған сұрақ­тар мен айтылған ұсыныстарды алдағы жұмысымызда басшылыққа алатын боламыз, – деді вице-министр.

Кездесуде «Стройдорсервис» серіктестігінің директо­ры Геворг Карапетян жол құрылысын жоспарлау жұмыс­тарының дұрыс жүргізілмейтінін айтты. Серіктестік бас­шысының сөзінше, мемлекеттік сатып алу туралы заң өз­гергеннен кейін жол салатын техникаға қойылатын талап­тар көбейіп кеткен. Жеңіл көліктерге арналған жолдармен салмағы ауыр техникалардың жүруі жиі орын алады. Ауыр көлік бүлдірген жолды жөндеу мердігерге жүктеледі. Құ­рылыс, жөндеу жұмыстарын жоспарлайтындар да өңірдің климаттық, жер бедері ерекшеліктерін ескере бермейді. Жобаның әу баста дұрыс жоспарланбағанына қарамастан соңында мердігер кінәлі болып шығады.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген министрлік өкілі техникаға байланысты талаптардың күшеюі тапсы­рыс берушілердің өтінішінен кейін енгізілгенін айтты. Өйткені көптеген мердігерлер жұмысқа қолда бар техни­каларын жұмылдырмайтын көрінеді. Ал жобалауға кел­сек, бұрын онда материалдардың қай жерден алынатыны нақты жазылатын. Жаңа заңға сай енді мердігер оған өз еркімен өзгеріс енгізе алады.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp