«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Халқымыз “Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын” деп бекер айтпаған. Мұның бір мағына­сын қазіргі жолдардың сапасымен байланыстыруға болатын сыңайлы. Яғни, жол сапалы жөнделсе, жо­лаушы жолдың азабын тартпай, айшылық алыс жерлерге тез жете алады. Ал керісінше жолдың сапасы сын көтермеген жағдайда жүргізу­шілерді әбден әбігерге салады. 

Менің айтпағым, көп жыл бойы Саумалкөл – Қаратал бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың азабы қараталдықтарды шар­шатқаны баршаға аян. Кеңес заманында салынған асфальт жолдың тозығы жетіп, аудан орталығына қатынау қиындай түскен болатын. Жыл сайын қаңтар-ақпан айларында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерінде жол мәселесі күн тәртібінен түспеуші еді. Алайда, бұл мәселе қаражаттың бөлінбеуі салдарынан кейінге шегеріле бер­ді. Ауылымыздың ақсақалы Айтмағанбет Дауылбаев аудан әкімінің есепті кездесуінде жол мәсе­лесін бірінші болып көтеретін. Ақыры не керек, ол Парламент сенатының де­путаты Ерік Сұлтановтың атына хат жазып, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Саумалкөл – Қаратал бағытындағы жолдың жөнделуіне қаражат бөлуге ықпал етуін сұрады. Арада көп уақыт өт­пей-ақ жобалық-сметалық құжат әзірленіп, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында “Саумалкөл – Новоукраинка – Қаратал – Казанка” бағытындағы жолды жөндеуге бюджеттен 1 млрд. 288 млн. теңге қаржы бөлінді. 

Шілде айынан бастап жолымыз­ды жөндеу жұмыстары қарқын ала бастады. Қаратал мен Саумалкөл­дің арасындағы жолға асфальт тө­се­луде. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстары аяқталуға да жақын. Қаратал ауылының тұрғын­дары осы жолмен аудан орталы­ғына қатынауда. Бұрындары шұ­рық-тесік жолмен ауданға әрең жететін болсақ, енді, міне, жаңа ас­фальтпен тез арада діттеген жерімізге барып жүрміз.
Біздер жергі­лікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аудан орталығының да жолдарына асфальт төселіп жат­қаны жайында біліп, қуанудамыз. “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында ауданымызды көркейту бағытында қыруар жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауданымыздың орталығы – Саумалкөлдің де ішкі жолдары жөнделуде.
Осындай көңіл орнықтырар жұ­мыстардың жүзеге асып жатқаны барлық саланың керегесін кеңейте түсетіні анық. Ең бастысы, жолдарды көзбояушылық үшін жамаумен шектелмей, сапалы салса екен дейміз.

 

Ақанбек ЖАҚСЫБАЕВ,
Қаратал ауылының тұрғыны.
 Айыртау ауданы.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp