Облыс орталығында мас күйде көлік жүргізген полиция қызметкері А.Ткаченко 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды. Мұндай шешімді Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шығарды.
Мамандандырылған әкімшілік соттың мәліметіне сүйенсек, қалалық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полициясы батальоны штабының бастығы масаң күйде “Фольксваген Пассат” автокөлігіне отырып, облыс орталығының Абай-Әуезов көшелерін бойлай, жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бірнеше рет бұзады. Содан кейін алдында келе жатқан көлік құралына дейінгі тиісті қауіпсіздік аралығын ұстай алмай, “Рено Логан” автокөлігімен соқтығысқан.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жол полицейі көлік құралын жүргізу құқығынан бес жыл мерзіміне айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.