«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖОЛ ПРИСТАВЫ” ҚАЛТ ЖІБЕРМЕЙДІ

“Борышкер” жедел-алдын алу шаралары аясында “Жол приставы” жүйесінің тұсауы кесілді. Енді облыста жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлын төлемей жүргендерді арнайы жүйенің көмегімен анықтайтын болады. Жаңа жүйе “ГАЗель” автомашинасы базасында жұмыс істейді, онда бейнекамера және нөмірлік белгілерді тану мен тәртіп бұзушылықты ашу жүйесі орнатылған.

– Аталмыш жүйені енгізудегі мақсат әкімшілік айыппұлды өндіру жөніндегі жұмысты күшейту және қылмысқа қатысты автокөліктерді анықтау болып табылады. Оның нәтижесінде жолдағы тәртіп күшейіп, өңірдің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жақсара түсетін болады, – дейді жүйені іске қосуға қатысқан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов.

Бүгінде жалпы сомасы 50 миллион теңгені құрайтын 5 мыңнан астам тәртіп бұзушылық бойынша айыппұл тіркелген. “Жол приставы” жүйесі, міне, осы айыппұлдарды өндіруге жұмылдырылады. “Борышкер” операциясы жүргізілген екі тәуліктің ішінде ғана арнайы айып алаңына 23 қарызгердің көлігі қойылды. Сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіруге 729 қаулы жіберілді. Барлығы сомасы 7 миллион теңгеден астам 190 әкімшілік айыппұл өндірілді. Енді қарызы бар жүргізушілер “Жол приставымен” кездесуден құтыла алмайды, жақында ол қалада және облыс жолдарында белсенді жұмыс жүргізе бастайды.

Ольга ШИЯН,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp