Тұрғындардың Тимирязево, Сергеевка елді мекендері аралығындағы жол сапасының нашарлығына шағымданғанына біршама уақыт болды. Бірақ нәтижесіз. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов осыған дейін облыстық деңгейдегі жолдардың есебінде болған бұл бағыт биыл республика балансына тапсырылғанын айтты. Келесі жылы жөндеу жұмыстарын “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы қолға алады.
Үстіміздегі жылы ұзындығы 14,5 шақырымды құрайтын “Тимирязево – Ақсуат – Мичурино” автожолы орташа жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 475 млн. теңге жұмсалды. Ал Тимирязево ауылының ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуге 4,5 млн. теңге бағытталды. Аудан басшысы алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, нәтижесінде 2021 жылдың соңында жергілікті маңыздағы жолдардың 73 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтірілетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасындағы міндеттердің орындалу барысы жайлы баяндаған Нұрлан Маратұлы үстіміздегі жылдың 11 айында аудандағы экономикалық өсім 9,1 пайызды құрап, 38,4 млрд. теңгеге жеткенін айтты. Аудан экономикасының 80 пайызын аграрлық сектор құрайды.
– Биыл ауа райы қолайсыз болып, орақ кезінде әр гектардан шамамен 5 центнерден өнім жоғалттық. Соған қарамастан, 31 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл басынан бері жергілікті шаруашылықтар 2 млрд. теңгеге 113 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, – деді аудан басшысы.
Ауданда 784 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Оның 79-ы – заңды тұлға, 344-і шаруа және фермерлік қожалықтар болса, 361-і жеке кәсіпкер екенін тілге тиек еткен Нұрлан Кеңесов ауданға инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталды. Есептік кезеңде аудан экономикасына 3 млрд. 801 млн. теңгенің қаржысы құйылып, өсім динамикасы 3,8 пайызға жеткен. Желтоқсан айында тағы 670 млн. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының аясында жергілікті тұрғындарға 108,7 млн. теңгенің несиесі беріліп, он жұмыс орны ашылған. Кепілдік қаржыландыру бойынша 22,6 млн. теңге көлемінде 74 грант берілсе, соның алтауы жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған.
2009 жылы қолға алынған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясында жұмысқа орналасқан 175 маманға жалпы сомасы 20,9 млн. теңгені құрайтын көтермеақы төленген. Сонымен қатар әлеуметтік салада еңбек ететін 93 маман баспана алу үшін 182,3 млн. теңгенің бюджеттік несиесіне қол жеткізді.
Ауданда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге баса назар аударылады. Биылғы жылдың желтоқсан айына дейін осы топтағы азаматтарға арналып 338 жаңа жұмыс орны ашылып, 196 отбасына 67,2 млн. теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды.
Соңғы жылдары аудан түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша облыста көш бастап тұрғаны белгілі. Нұрлан Маратұлы өткен оқу жылында орта мектепті 79 түлек тамамдаса, оның екеуі – “Алтын белгі”, үшеуі үздік аттестат иеленгенін айтты.
– Аудандағы 18 орта білім беру мекемесінде 1478 оқушы бар. Биыл білім беру саласына бағытталған қаржы 24 пайызға көбейіп, 1,85 млрд. теңгені құрады. 108 млн. теңгеге Тимирязев жалпы білім беру мектеп-гимназиясына, Ақсуат және Дмитриевка орта мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Алдағы уақытта тағы төрт нысанды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, – деді Нұрлан Кеңесов.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.