
Былтыр жөнделген “Барневка – Долматово” тасжолы жылға жетпей бұрынғы қалпына қайта түскен. Ал биылдан бері жөнделіп жатқан “Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл” автожолының құрылысы бітпей жатып, сапасына сын айтылуда. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша бөлінген 30 млрд. теңге қаржының игерілуі, коммуналдық желілердегі апаттар, жөнделген жолдардың сапасы сөз болды.
Соңғы үш жылда мемлекеттік бағдарламалар бойынша өңір жолдарын жөндеуге 76 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1900 шақырым жол жөнделген. Ал “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген жолдар қалпына келтірілген. Нәтижесінде әбден тозығы жеткен өңір жолдарының 65 пайызының сапасы жақсаруы тиіс.
– 2017-2019 жылдар аралығында 108 мың тұрғыны бар 214 елді мекенді басып өтетін жолдар жөнделді. Келер жылдан бастап тағы 116 ауыл қамтылады, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев.
Бұл орайда мердігерлердің жауапкершілігі, олар жөндеген жолдың сапасының төмендігі, тиісті органдар тарапынан жүргізілген бақылаудың нашарлығы жайлы айтпай өтуге болмайды. Мәселен, “KAZ FORTIS” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолды жөндеуге бөлінген қаржының 61 миллион теңгесін игермеген. Тендерлерге қатысып, конкурсты ұтқанымен, жұмысты уақтылы бастамайтын мұндай жауапкершілігі төмен мердігерлерге талапты күшейту керек. Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы алдағы уақытта оларға салынатын айыппұл көлемін ұлғайту қажеттігін айтты. Себебі, қалтасы қағылған мердігер екінші мәрте жауапсыздық танытпасы анық.
“Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Соның нәтижесінде сумен қамту және су тарату нысандарын салу мен қалпына келтіру бойынша 14 жоба жүзеге асырылды. Тоқсан ауыл сапалы ауызсумен қамтамасыз етілсе, алдағы уақытта тіршілік көзін әр үйге жеткізу көзделіп отыр. Кешенді жұмыстардың арқасында Петропавл қаласында сумен, жылумен қамту, су тарату желілері жаңартылып, апат саны азайған.
– Жылу және сумен қамтитын 22 нысанның құрылысына 14 млрд.теңге қаржы бөлінді. Оң жұмыстың нәтижесін тұрғындар да сезінуде, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қыруар қаржы бөлініп жөнделген жолдарды күтіп ұстаудың да маңызы зор. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев жөнделген жолдарды ауыр салмақты жүк көліктері бүлдіріп жатқанын айтқан еді. Алайда, мұндай жүк көліктерінің жүруіне шектеу қоятын жол белгілерін орнатуға жауапты мекемелер асығар емес. Егер облыс жолдарына 200-ден астам жол белгісін қою керек болса, оның тек елуі ғана орнатылған.
Қытымыр қыс қыр астында тұрғанымен жолдарды күтіп ұстауға жауапты ұйымдардың дайындығы көңіл көншітпейді. Мысалы, Айыртау ауданында жолдарды тазалауға бөлінген үш техниканың біреуі істен шыққан. Кейбір аудандар жанар-жағармайды да, инертті материалдарды да әлі сатып алмаған. Егер өңір жолдарында ай сайын 15 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, өткен айда оның саны отыз беске жетіп, 10 адам қаза тапқан. Қазіргі қолайсыз ауа райында жолдарда тиісті жұмыстардың атқарылмауы мұндай келеңсіздіктердің көбеюіне ықпал етуде.
Соңғы үш жылда “Нұрлы жол” бағдарламасын жүзеге асыру аясында осындай ауқымды жұмыстар атқарылса, алдағы уақытта аудан орталықтарындағы көшелерді жөндеуге басымдық берілмек. Егер үстіміздегі жылы Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылының көшелері жөнделсе, осындай жұмыс Қызылжар ауданының орталығында да қолға алынады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мақсатқа қажет қаржы облыстық және аудандық бюджеттен бөлінетіндігін айтты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.