«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САПАСЫНА ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

Алдағы уақытта облыс аумағында жүргізілетін жол құрылысының сапасы қатаң бақылауға алынады. Қажетті құрылыс материалдары зертханалық тексеріс жүргізілгеннен кейін ғана қолданылмақ. Қатаң талаптар жөнінде “Солтүстік жол зертханасы” республикалық мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысу барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.

Облыстағы жол сапасын бақылайтын зертхана Петропавл қаласының іргесінде орналас­қан. Он үш жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі зертханашы Галина Журавлева атап өткендей, мұнда жол сапасын тексерудің талаптары мен нормативтері сақталған. Соған сәйкес барлық шикізат қоспалары араластырылып, асфальттың алғашқы сынама нұсқасы алынады.

– Қолданыстағы асфальт-бетонның сапасы алдымен мердігер компаниялардың зертханаларында тексеріледі. Кейін біздің мамандар салынып жатқан жолдың әр учаскесінен сынамалар алады. Біз өз кезегімізде сараптамалар жасаймыз. Білікті мамандарымыз жолдың ауыр салмаққа төзімділігін анықтайды. Негізгі шикізат – материалдарының сапасы жоғары болғаны жөн. Арнайы қоспа қосылмаған жағдайда қиыршықтастар битуммен араласпайды. Мұның өз тәртібі мен қолданылу шарттары бар. Жұмыс барысында бұған көңіл бөлмесе, жол сапасыз болады. Осы тәрізді кем-кетіктердің барлығы біздің зертханада анықталады, – дейді Галина Викторовна.

Бүгіндері мекемеде онға жуық маман бар. Облыс жолдарының бәрін уақытында тексеріп, сараптама жасауға мүмкіндік аз. Сондықтан филиалдың штаттық кестесін толық­тыру жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жылдары жол құрылысының сапасыздығына арыз-шағымдар көп түседі. Мұны негізсіз деуге де болмайды. Өйткені, салынған автокөлік жолдарының дені бір-екі жыл өтпей-ақ ойылып, шұрық-тесік күйге енетіні ешкімге құпия емес. Ал сапалы асфальт кем дегенде 17-20 жылға дейін сыр бермеуі керек. Мұндай жағдай жалғаса берсе, соңы мемлекет қаржысының желге ұшуына және жол-көлік апатының жиілей түсуіне әкелуі әбден мүмкін. Елімізде биыл құрылған “Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік мекемесі осындай олқылықтардың алдын алуды көздейді.

Өңірімізге арнайы келген мекеменің бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, жаңа құрылым бірқатар түйінді мәселелердің оң шешілуіне мүдделі.

– Біз бұрын тек республикалық маңызы бар жолдарды басты назарда ұстаған болатынбыз. Енді орталық жаңа технологиялардың көмегімен облыстық және аудандық тасжолдардың да сапасын тексерумен айналысады. Күре жолдардағы жөндеу жұмыстары құрылыс нормалары мен ережелеріне және мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес жүргізіліп, қатаң бақылауға алынуы тиіс. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы билікпен жасалған келісімшарт аясында жүзеге асырылады, – дейді ол.

Орталықтың міндеті – автомобиль жолдарын салу, оларды жаңарту, қайта жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу. Қазір елімізде орталықтың 17 филиалы бар. Олардың әрқайсысы заманауи құрал-жабдықтармен және арнайы мобильді зертханалармен жабдықталуда. Мате­риалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше көңіл бөлініп, филиалға жылжымалы зертхана сатып алынғаннан кейін жергілікті мамандар жолдың асфальт жабындысының сапасын жүре тексеру мүмкіндігіне қол жеткізді. Атап айтқанда, 100 млн. теңге тұратын жылжымалы жол зертханасының көмегімен жабындының қалыңдығын анықтап, оның еңістігін тексеруге болады. Алдағы уақытта дәл осындай тағы бір құрал сатып алынады деп күтілуде. Жолдың жүк көтергіш қасиетін тексеретін заманауи техника да бар.

– Қазір өңірде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 700 шақырым жолды қалпына келтіруге 37 млрд. теңге бөлінді. Дегенмен, талапты күшейтеміз. Біздің өңір үшін бұл орталық­тың қызметі ауадай қажет. Кемшіліктерге жол берген мердігер компаниялардың басшыларын жауапкершілікке тартып, келесі жолы мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуларына тосқауыл қоюдың жолдарын қарастыратын боламыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қазіргі таңда шамадан тыс жүк тиелген көліктердің кесірінен жөндеу көрген жолдардың қайта бұзылуы да өзекті мәселеге айналуда. Филиал мамандары Қызылжар, Аққайың және Мамлют аудандарында бір-екі жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген тасжолдың асфальт жабындысы жарылып кеткенін анықтаған. Тексеріс нәтижесінде жол үстіне төселген асфальт-бетонның қалыңдығы кейбір жерде талапқа сай емес екені белгілі болды. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзім ішінде жоюға міндеттелді. Зертханадағы тексерістің нәтижелері бірегей электронды базаға енгізіледі. Бұл база әр қазақстандық үшін қолжетімді болмақ.

Облыс әкімі қос тарап арасындағы меморандумға сәйкес өңірде жол сапасын бақылайтын зертханалар кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл істен тұрғындар да қалыс қалмауы тиіс. Өңір басшысы сапасыз жолдарды ұялы телефонға түсіріп жолдауға болатынын ескертті. Сондай-ақ, алдағы уақытта жол құрылысы сапасын анықтау үшін инновациялық технологиялар енгізу жұмыстары жалғасын табады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp