«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ЖАЛҒАСАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол саласын дамыту және аталған салаға цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Мемлекет басшысының жол жағдайын жақсарту туралы тапсырмасына сәйкес биыл 9,5 мың шақырым жолға жөндеу жүргізу жоспарланған.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, былтыр 12 мың шақырым жолға жөндеу жүргізілген, оның 8 мың шақырымы – республикалық жол, 4 мың шақырымы – жергілікті жол. Ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын ірі автожол жобалары аяқталған, стратегиялық маңызды нысандар: Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Шамалған стансасын айналып өтетін жол өтпесі, Түркістан облысында орналасқан еліміздегі алғашқы туннель пайдалануға берілген.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың қалыпты жағдайы 93 пайызға, жергілікті жолдар жағдайы 89 пайызға жеткені атап өтілді. Мемлекет басшысының жолдарды жыл сайын жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2025 жылға 9,5 мың шақырым жолға жөндеу жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Атырау – Доссор, Қызылорда – Сексеуіл, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл, Рудный, Шымкент және Түркістан қалаларын айналып өту жобаларын іске қосу мен 2,5 мың шақырымға жөндеу жұмысын жүргізу көзделген. «Биыл жалпы ұзындығы 13 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланды. Оның қатарында 9 500 шақырымы қаржымен қамтамасыз етілген, 3 600 шақырымына қажетті құжаттар дайын, қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде», – деді Марат Қарабаев.

Бюджетке түсетін жүктемені азайту мен өзін-өзі ақтау мақсатында қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасып отыр.

Қазір республика бойынша ұзындығы 3 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. Былтыр ақылы жолдан түскен түсім 48 млрд. теңгені құрады. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізіледі. Олардан келетін түсім көлемі биыл 60 млрд., ал келесі жылы 100 млрд. теңгеге дейін жетеді. Бұл ретте осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемесін өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр. Ұзындығы 70 мың шақырым болатын жергілікті жолдарда да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Соның нәтижесінде нормативті жағдайдағы жолдардың үлесі 4 пайызға артты. Бұған қоса, әкімдіктер тарапынан да паритетті қаржыландыру көлемінің артуы байқалады. Нақтырақ айтқанда, биыл әкімдіктер жол құрылыс жұмыстарына 191 млрд. теңге бөліп отыр. Нәтижесінде осы жылы 4 200 шақырым жолға жөндеу жүргізіледі.

Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев Үкімет отырысында 2024 жылы республикалық желі нысандарын сараптамамен қамту 100 пайызға, жергілікті желі бойынша 99 пайызға жеткенін хабарлады.

Үкімет басшысы жол саласы әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет екенін атап көрсетті. «Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның қатарында көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жергілікті жолдар желісін дамытуға баса назар аударды. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отырғанына назар аударды. Өңір әкімдеріне құрылыс және қайта қалпына келтіру технологияларын сақтау, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімі мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

Отырыста Премьер-министр бірқатар тапсырма берді, оның ішінде Көлік министрлігіне осы жылдың сәуір айынан бастап Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын» жолдары және Сарыағаш қаласы айналма жолын салу жұмыстарына кірісуді, сонымен қатар әкімдіктермен бірлесіп, барлық жолдардың жағдайына қатаң бақылау жасап, ақауларды уақытылы жойып отыруды қамтамасыз етуді, ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйелерді орнату жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

(«Egemen Qazaqstan»,

5 ақпан 2025 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp