«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Облысымызға жұмыс сапарымен келген “Нұр Отан” партиясы партиялық бақылау қызметінің басшысы Асан Сағадиев “Челябі – Новосібір” автожолының Солтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлігін қайта жаңарту барысымен және студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында қайта жаңартылып жатқан “Челябі – Новосібір” жолы Петропавл және Омбы қалаларын жалғастырады. Жөндеу жұмыстары 2017 жылы шілде айында басталған болатын, оны пайдалануға беру келесі жылы қазан айына жоспарланған. Қазіргі уақытта учаскеде жол төсемін тегістеу жұмыстары аяқталды. Асан Сағадиев келесі жылғы құрылыс жұмыстарының жоспарымен және орындалу мерзімдерімен танысты.

– “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында автожолдарды қайта жаңарту мәселелері партияның назарынан тыс қалған емес. Біз барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды, жолдардың сапасын, уақтылы қайта жаңартылуын бақылаймыз. Жергілікті партиялық бақылау комиссиясы бұл нысанға бірнеше рет барып, ескертулер жасаған болатын. Қазір олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Құрылыс уақтылы жүргізілуде, сапасын тиісті құрылымдар бақылайды. Бүгін біз оған көз жеткіздік. Сондықтан ешқандай келіспеушіліктер жоқ, – деп атап өтті Асан Сағадиев.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде партиялық бақылау қызметінің басшысы “QYZYLJAR” студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл жоба “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында осы жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылуда, ол ХҚКО-нда қызметтерді ұсынады. Университет басшылығының пікірінше, орталық түрлі кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді, студенттердің проблемаларын шешу тиімділігі мен жеделдігін арттырады, сондай-ақ, әлеуметтік маңызды қызметтерді алуға жұмсалатын уақытты едәуір үнемдейді.

Бүгінгі күні студенттерге қызмет көрсету орталығы 22 қызмет ұсынады, оның ішінде 4 мемлекеттік қызмет, 18 университеттің қызметі бар. Ашылған күннен бастап орталық төрт мыңнан астам қызмет көрсетті.

– Студенттерге қызмет көрсету орталығы – жастардың құқықтарын қорғау мәселесіне үлкен демеу. Бұл тәжірибені басқа өңірлерде қолдану керек, өйткені, студент оқудан алысқа бармай-ақ қажетті қызметті ала алады. Біз мұндай идеяны қолдаймыз. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін негізге ала отырып, идеяны еліміздің басқа университеттерінде енгізу керек. Соңдай-ақ, жатақханаға орналасуды қызметтер тізбесіне қосуға болады, – деді Асан Сағадиев.

Ілияс СӘБДЕНОВ,

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp