
“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында журналистер “Петропавл – Қорған” бағытындағы тасжол бойындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Филиал басшысы Марат Дарбаевтың айтуынша, күре жолдардағы жөндеу жұмыстары құрылыс нормалары мен ережелеріне және мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес жүргізіліп, қатаң бақылауға алынуы тиіс.
– Үстіміздегі жылдың наурыз айындағы Үкімет қаулысының негізінде “Облжолзертхана” РММ-сі “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК-ы болып қайта құрылған. Жаңа орталықтың міндеті – жұмыс сапасын бақылап, пайдаланылып жатқан материалдарды сараптамадан өткізу және жол активтерін басқару. Филиал мамандары республикалық және облыстық маңыздағы жолдардың сапасын бақылайды. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы билікпен келісімшарт жасасу аясында жүзеге асырылатын болады, – деді Марат Қабдулкәрімұлы.
Ресейдің Челябі және Новосібір қалаларын байланыстыратын автожолдың біздің облыс аумағында жөнделіп жатқан учаскесінің ұзындығы 60 шақырымды құрайды. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары салынған тасжол бүгінгі таңда тозып, көлік қозғалысын қиындатқан болатын. Осылайша, 2017 жылдың шілде айында “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстары басталған еді. Мердігер компания “К-Дорстрой” АҚ-ы облыстық филиалының зертхана басшысы Татьяна Воистинованың айтуынша, жөндеу жұмыстары екі учаскеде қатар жүргізілуде. 29 шақырымдық бірінші учаскеге облыс орталығы мен Мамлютка қаласы, ал 31 шақырымдық екінші учаскеге Мамлютка қаласы мен Ресей шекарасының аралығы жатады. Жол құрылысына қажетті қиыршықтас Көкшетау қаласынан, битум Павлодар облысынан жеткізілуде. Ал асфальт Петерфельд ауылының іргесіндегі қуаттылығы сағатына 350 тоннаға жететін екі асфальт-бетон зауытында әзірленуде. Қолданыстағы асфальт-бетонның сапасы компанияның зертханасында тексеріледі. Білікті мамандар жолдың ауыр салмаққа төзімділігін анықтайды. Мердігер компания барлық жұмысты алдағы жылы аяқтауды жоспарлап отыр.
Баспасөз туры барысында журналистерге күре жолдың асфальт жабындысының сапасын тексеріп көру мүмкіндігі туды. Жылжымалы жол зертханасының көмегімен мамандар жабынды қалыңдығының 5 сантиметр екенін анықтады. Бұл нормаға сәйкес, демек, алаңдауға негіз жоқ. Бұдан кейін мамандар жолдың еңістігін тексерді. Мұнда да кемшілік анықталмады. Филиал инженері Еркін Әбілмәжінов атап өткендей, нәтижелер “KazRoadLab” электронды базасына енгізіліп, кемшіліктер анықталған жағдайда мердігер компанияға хат жіберіледі. Одан бөлек, жолдың сапалы жасалғанына толықтай сенімді болу үшін сынамалар зертханадағы түрлі қондырғылармен тексеріледі.
Қазіргі таңда шамадан тыс жүк тиелген көліктердің кесірінен жөндеу көрген жолдардың қайта бұзылуы өзекті мәселеге айналуда. Мәселен, филиал мамандары “Петропавл – Ташкентка – Барневка – Долматово” тасжолының асфальт жабындысы жарылып кеткенін анықтаған. Сондай-ақ, мұндай кемшілік “Жезқазған – Петропавл” бағытындағы күре жолдың 834-ші шақырымында да тіркелген.
Филиал басшысы алдағы уақытта өңір жолдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасы әлдеқайда жақсара түсетінін айтты. Өйткені, аталмыш орталық мемлекетке жолдардың қауіпсіздігі мен сапасын басқарудың жаңа механизмін жасауға септеспек.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.