Мемлекеттік бағдарламалар аясында бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы әркез бақылауда болады. Бұл туралы “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өткен партиялық бақылау комиссиясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында айтылды.
Өңірімізге “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 14 млрд. теңге қаржы бөлінсе, оның 11 млрд. теңгеден астамы жолдарды қалыпқа келтіруге бағытталған. Жылдың соңына дейін “Астана-Петропавл” бағытындағы тасжолдағы жөндеу жұмыстары аяқталмақ.
– Үстіміздегі жылы “Астана-Петропавл” бағытындағы тасжолдың 87 және “Жезқазған-Петропавл” бағытындағы жолдың 11 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен биыл “Бурабай-Көкшетау-Петропавл” бағытындағы жолдың 143 шақырымында қалыпқа келтіру шаралары аяқталатын болады, – деді “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Асқар Жанкин.
Отырысқа қатысушылар филиал директорына бірнеше сұрақ қойды. Солардың бірі – жолдың сапасына қатысты болды. Соңғы уақыттары төселген жол бір жылға да шыдас бермейді.
– Жол құрылысы барысында мердігер компаниялар материалдарды барынша үнемдеуде. Битумды өте аз қолданады. Шалшық су мен саздың үстіне асфальт төсеп жатқанын көрдік. Осыдан кейін бір учаскені жыл сайын жамайды. Одан да біржола күрделі жөндеу жүргізсе, бюджет қаражаты біршама үнемделер еді, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлім Шүкенов.
Асқар Жанкин жолдың жамылғысын сапасыз төсеген мердігерлер бес жыл ішінде өз қаражаты есебінен барлық кемшіліктерді түзетуге тиіс екенін айтты.
Петропавл қаласындағы кейбір учаскелерде су құбырларын тарту жұмыстары “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында атқарылуда. Жүзеге асырылып жатқан 6 жобаның жалпы құны – 3 млрд. 287 млн. теңге. Сондықтан, осы бағытта да қолға алынған шаруа жетекші партияның жіті бақылауына алынған. Тұрғындар тарапынан комиссия мүшелеріне “Қызылжар су” ЖШС-нің атқарып жатқан жөндеу жұмыстарына қатысты бірнеше шағым келіп түскен. Тексеріс барысында халық қалаулылары мен жауапты мамандар серіктестік тарапынан орын алған төрт бұзушылық фактісін анықтады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тасмұрат Қатқадамов комиссия алдында бір айдан кейін есеп беретін болды.
Берік ҚАСЕН,
журналист.