Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысы кадрлық тағайындаулардан басталды.
Отырыста өңір басшысы жиналғандарға жаңадан тағайындалған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев пен кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметовты таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жиын одан әрі облыс жолдарын жөндеу және күтіп, ұстау мәселесін талқылаумен жалғасты. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет баяндама жасады.
– Облыстағы автомобиль жолдары жүйесі 8996 шақырымды құрайды. Соның ішінде 1970 километрі республикалық, 7026 шақырымы жергілікті маңыздағы жол. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 850 километр жол қалпына келтірілд. Жолдың 36 шақырымы күрделі, 166 шақырымы орташа жөндеуден өтсе, 292 километр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 27 миллиард теңге жұмсалды, – дей келе Мақсат Баяхмет үстіміздегі жылы жолдарды жөндеуге бюджеттен 24,5 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Соның ішінде 17,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен қарастырылған. Нәтижесінде 700 шақырым автомобиль жолы жаңа кейіпке енбек.
Баяндамашы биыл Тайынша-Чкалов бағытындағы жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатынын атап өтті. Үстіміздегі жылы жолдарды ағымдағы жөндеу мен қыста күтіп-ұстау үшін 1,2 миллиард теңге бағытталады. Ал аудандық маңыздағы 355 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
Отырыста “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Қуаныш Ескендіров өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылы республикалық маңыздағы жолдарды қайта жаңғыртуға 3,5 миллиард, күрделі жөндеуге 900 миллион, орташа жөндеуге 2,2 миллиард теңге жұмсалады. Бүгінде бөлінген қаржының 30 пайызы игерілді. Республикалық маңыздағы автокөлік жолдарының 78 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Алайда өңір басшысы Құмар Ақсақалов “ҚазАвтоЖол” ұйымы тарапынан атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Мәселен, жол бойына қызмет көрсету нысандарын салу және жолаушыға қызмет көрсету мәселелері сын көтермейді.
– Жол бойында жолаушыларға қызмет көрсететін жақсы нысандар жоқтың қасы. Бұл мәселе жылдар бойы айтылып келеді. Бірақ әлі шешімін тапқан жоқ. Ол үшін жауапты ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу керек. Әсіресе, аудандық әкімдіктермен жұмысты жандандыру қажет. Жолдың бойындағы бірқатар тамақтандыру орындарында тазалық тәртібі мүлде сақталмайды. Бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргізілмеуде, – дей келе Құмар Іргебайұлы жолдың бойындағы повильондар архитектуралық талапқа сай салынуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Дәуіт – Кішкенекөл бағытындағы автомобиль жолының құрылысы сағызша созылып кеткенін сынға алды. Тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін алдымен жол, су мәселесін шешу кезек күттірмейтін жұмыс екенін айтқан облыс әкімі бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалмау керектігін қатаң ескертті.
Мемлекет тарапынан жол салу мен жөндеуге қыруар қаржы бөлінгенімен, бүгінде кейбірі сын көтермейді. Бұл орайда жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жол сапасы мен құрылысын қадағалауға жауапты. Қазір облыста аталмыш ұйымға қарасты жолдың сапасы мен құрылысына диагностикалық зерттеу жүргізетін 17 жылжымалы зертхана жұмыс істейді. Елді мекендердің ішкі жолдарының сапасын қадағалау да маңызды. Ауылдық округ әкімдеріне зор жауапкершілік жүктелген. 2019 жылы өңірде “Сапалы жол” жобасы қолға алынып, соның негізінде жолдардың жағдайына мониторинг жүргізілген. Жол құрылысын жүргізуде бірқатар кемшіліктер де анықталған. 2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екі нысан пайдалануға берілмеді. Бөлінген қаржы мемлекетке қайтарылды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жолдың құрылысы мен сапасын қадағалауға қоғамдық бақылауды күшейту қажет екенін жеткізді. Бұл мәселеде тұрғындар бейжай қалмауы тиіс.
– Жол экономиканың күретамыры ғана емес, елді мекендер дамуының, халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың көрсеткіші. Сондықтан қаржыландыру жыл сайын ұлғаюда. Биыл да қыруар қаржы бөлінді. Соңғы үш жылда шамамен 2 мың шақырым жол жөнделді. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы аясында 2100 километр жолды жөндеу жоспарлануда. Жолдың сапасы мердігер компанияларға ғана емес, оған бақылау жүргізетін ұйымдарға да жауапкершілік жүктеуі тиіс, – дей келе өңір басшысы Құмар Ақсақалов Жамбыл, Мамлют, Айыртау аудандарында қырқуар қаржыға жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, техникалық қадағалау жоқ екенін алға тартты. Бақылау болмаған соң, сапа да сын көтермейтінін айтқан облыс әкімі қадағалауды күшейтуге қадағалауға кеңес берді. ,
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.