«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОМАРТТЫҚ — ІЗГІ ҚАСИЕТ

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға өз үлестерін қосуда. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі 635 елді мекенде 5496 агроқұрылым жұмыс істейді. Солардың 544-і немесе шамамен 10 пайыздайы өздеріне қарасты аумақтағы ауылдарды көркейтуге атсалысуда.

Меценаттардың басым бөлігі Есіл ау­данында тұрады. Мәселен “Заградовское” ЖШС-і Заградовка елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктті жөндеуге 10 млн. теңге бөлді. Сондай-ақ 35 млн. теңгеге Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіп, айналасына 5 млн. теңгеге түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Бұдан бөлек, тұрғын үйлердің құрылысына 25 млн. теңге қаржы жұмсамақ. Шаруашылық жұмысшыларының орташа еңбекақысы былтырғы 122 мың теңгеден 138 мың теңгеге жетті.
Осы елді мекендегі тағы бір шаруашылық – “Прометей-Агро” ЖШС-і отбасылық демалыс орталығын салды. Мұнда жайлы дәмхана, балалардың ойын бөлмесі, бильярд залы, сұлулық салоны және қонақүй жұмыс істейді. Серіктестік мектепке көркем әдебиет сатып алуға да едәуір қаржы бөлді.
Корнеевка ауылындағы “Мария села Корнеевка” ЖШС-і малшылар үйін тұрғызса, “Агро профьюжен СВ” ЖШС-і Мәдениет үйін жөндеді. Ильинка елді мекеніндегі “Ильинское” ЖШС-нің жетекшісі де әріптестерінен қалмай, ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Ол жыл сайын ауылдық округтің әлеуметтік мәселелерін шешуге 30 млн. теңге бөледі. Былтыр бұл қаражатқа асфальт төселіп, тұрғын үйлер салынды. “Ильинское Агро” ЖШС-і де жұмысшыларына тұрғын үй салып жатыр.
Тораңғұл ауылдық округінде екі шаруашылық – “Атамекен-Агро Есиль” және “Азия Тарангул” серіктестіктері жұмыс істейді. Біріншісі Двинск ауылындағы жолды жөндеп берсе, екіншісі жергілікті фельдшерлік-акушерлік пунктті қалпына келтіріп, Мәдениет үйіндегі шығармашылық ұжымдарды керек-жарақпен қамтамасыз етті, Тораңғұл ауылында екі үй салды.
Бүгіндері Есіл ауданындағы 53 елді мекенде 109 кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Солардың 30 пайызы былтыр 163,5 млн. теңгенің демеушілік көмегін көрсетіпті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp