Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Туған жер” бағдарламасы азаматтардың еліне деген патриоттық сезімін арттыруда зор маңызға ие. Ал үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, еріктілер, меценаттар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың күшін біріктіруге негізделген “Атамекен” шағын бағдарламасының “Жомарт жүрек” бағыты қайырымды жандарды ынталандыруға бағытталып отыр. Облыс орталығындағы Жастар сарайында еліне жанашыр азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қайырымдылыққа үндейтін бағдарламаның маңыздылығын атап айтты.
– Жүрегі жомарт азаматтар барлық қазақстандықтарға үлгі. Бүгінгі таңда қайырымдылық шаралары кәсіпорын басшыларының жауапкершілігіне сын. Биыл өңірімізде “Атамекен” бағдарламасының аясында 77 жоба жүзеге асырылып, қолы ашық жандардың қолдауымен 2 млрд. теңгеден астам қаражат көлемінде көмек көрсетілді.
Бұл бағдарлама әртүрлі әлеуметтік-экономикалық саланы қамтыды. Мәселен, кәсіпкерлердің қолдауымен ауылдағы саябақтар абаттандырылып, мектептер мен спорт, мәдениет нысандары жөнделді. Ауыл тұрғындары үшін денсаулық сақтау мекемелері мен тынығу орталықтары салынды, – деген Дәурен Жандарбекұлы аталмыш бағдарламаға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып жатқанын айтты.
Жобаға 100-ден астам азамат қатысып, оның 63-і облыстық кезеңнің лауреаты атанған. Солардың қатарынан жеңімпаздарды анықтау үшін сараптама кеңесі құрылған. Осылайша, жомарт азаматтар “Жыл тұлғасы”, “Жылдың үздік ұйымы”, “Туған өлкем”, “Жыл меценаты”, “Ерен еріктілік” аталымдары бойынша анықталды. Шарада туған жеріне қалтқысыз қызмет етіп жүрген меценаттардың үлгілі ісі жұртшылыққа бейнефильмдер арқылы кеңінен таныстырылды.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Ноғайбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алтынбек Сапаров соңғы екі жылда ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына 45 млн. теңгенің инвестициясын құйған. Бұл қаржы Бейнеш ауылындағы су тарату торабына және Дүйсеке елді мекеніне дейінгі жолды қайта қалпына келтіруге бағытталған. Сондай-ақ, кәсіпкер Надежка ауылындағы Мәдениет үйін жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлген. Биыл туған ауылында медициналық қосын, футбол алаңын салған азамат “Жыл меценаты” атанды.
Салтанатты жиында “Дайындық-Агро” ЖШС-нің директоры Біржан Шәймерденовтің еңбегі лайықты бағасын алды. Кәсіпкер “Жыл тұлғасы” аталымында топ жарды. Ол Аққайың ауданының Дайындық ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 58 млн. теңге бөлген. Тұрғындарға жаңа үйлер салып, жолды да жөндеген. Ал “Туған өлке” аталымындағы марапатқа “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко ие болды. Биыл әлеуметтік нысандардың құрылысына 188 млн. теңге бөлген меценат Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылында фельдшерлік-акушерлік қосын, жұмысшыларға тұрғын үйлер, Аққайың ауданындағы Рублевка ауылында Мәдениет үйін салып берген.
Шара барысында Анатолий Рафальский басқаратын “Тайынша Астық” ЖШС-і “Жылдың үздік ұйымы” атанды. Кәсіпкер Тайынша ауданындағы Ясная Поляна ауылын өркендету ісінде аянып қалған емес. Елді мекеннің инфрақұрылымы, “Жеңіс” ескерткіші, ауыл мектебі осы жомарт азаматтың назарында. Сонымен қатар жиында екі жылдан астам уақыт бойы елімізде өткен ауқымды шараларды ұйымдастыруға қолғабыс етіп жүрген ерікті Гүлназ Садықова “Ерен еріктілік” аталымында жеңіске жетті.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.