Ауданымызда мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге дайын жомарт азаматтар баршылық. Солардың бірі – Тоқты ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Еншібай Әлімжанов десек артық болмас.
Халқымызда “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген аталы сөз бар. Көз жанарынан айырылған кейіпкеріміз – тағдыр сынағына сынбай, керісінше, талай іске ұйытқы болып жүрген жан. Бір өзі бірнеше іске бас болып, ұршықша иіріп отыр. Жеке басының қамын емес, қасындағылардың бақуатты болуын көбірек ойлайтын жүрегі таза жанның қолы да ашық. Сондықтан да көпшілік оны тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз жомарт жан ретінде құрметтейді. “Мен көмек бердім, демеушілік жасадым” деп жатқан ол жоқ. Спортшыларымыз облыстық және республикалық ареналарда топ жарып жүргендігі мәлім. Міне, осы жастардың айтулы жарыстарда топ жаруы, аудан намысын абыроймен қорғауы Еншібай Назымбекұлы сынды демеуші азаматтардың көмегінің нәтижесі деуге болады.
Ауыл мектебінің түлегі 2004 жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде І топтағы мүгедектер санатына қосылған азамат тағдырдың бұл соққысына мойыған жоқ. Қашанда ауыл балалары арасында көптеп шығып жататын жас дарындарға балаларға қолдауын аямайды. Іскер азамат бүгінгі таңда 20 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Еншібай Әлімжанов – туған өңірдің нағыз патриоты. Жаны жомарт, алақаны ашық кәсіпкердің есімі “Қазақстанның үздік адамдары” энциклопедиясына енгенін біреу білсе, біреу білмес.
Жеке кәсіпкер көп жылдан бері ауыл мектебінде көмек көрсетіп келеді. Ол жергілікті су сорғы стансасын өз бақылауына алған. Былтыр жеке қаражатына соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішті қайта қалпына келтіріп, тұрғындардың алғысына бөленді. Сондай-ақ жергілікті спортшыларға спорттық киімдер мен қажетті құрал-жабдықтар сатып әперді. Осындай зор қолдаудың арқасында жергілікті хоккей командасы “Солтүстік – 2020” қысқы спартакиадасында үздік үштікке енді.
Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Егемен еліміздің дамуына өзіндік үлесін қоса білген азаматтармен мақтануымыз керек. Солардың бірі Еншібай Назымбекұлы мүмкіндігі шектеулі болғанымен өскелең ұрпақ өкілдері мен замандастарына үлгі көрсетуде.
Шолпан САЛЫҚОВА,
“Есіл өңірі” газеті редакторының орынбасары.